Марке политехникалық университетінің филиалы даму стратегиясын бекітті

Марке политехникалық университетінің филиалы даму стратегиясын бекітті

Марке политехникалық университетінің филиалы даму стратегиясын бекітті

Анкона қаласында (Италия) І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) ректоры Энрико Куальяринимен кездесті. Жоғары оқу орындарының басшылары серіктестікті нығайту бойынша келіссөздер жүргізіп, Жетісу университеті базасында орналасқан UNIVPM филиалының 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын талқылады.

Марке политехникалық университетінің жаңа тағайындалған ректоры, профессор Энрико Куальярини қазақстандық жоғары оқу орнымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ықыласты екенін білдірді. Келісімге сәйкес Жетісудағы Марке университетінің филиалында Foundation бағдарламасы, экономика, ақпараттық технологиялар (IT), экологиялық қауіпсіздік бағытында қосымша үш білім беру бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар UNIVPM ректоры Жетісу университетімен оқытушы-профессорларды академиялық алмасуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге және Марке университетінің базасын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Марке политехникалық университетінің филиалы 2024-2025 оқу жылында ашылған болатын. Аталған жоғары оқу орны – аграрлық ғылымдар, биотехнология және инженерлік бағыттар бойынша мамандар даярлауда жоғары беделге ие Италияның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі.  Бүгінгі таңда Марке университетінің филиалында «Агрономия» білім беру бағдарламасы бойынша 11 студент білім алып жатыр.