Эстония Президенті Nazarbayev University студенттеріне дәріс оқыды

Эстония Президенті Nazarbayev University студенттеріне дәріс оқыды

Эстония Президенті Nazarbayev University студенттеріне дәріс оқыды

Бүгін, 17 қараша күні, Эстония Президенті Алар Карис Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Орталық Азия мен Кавказдың жетекші жоғары оқу орны Nazarbayev University (NU) барды. Президенттік делегация құрамында Эстонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Яап Ора, білім және ғылым вице-министрі Ренно Вэйнталь және Эстонияның жетекші университеттерінің ректорлары болды. Қонақтарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NU президенті Вакар Ахмад қарсы алды.

Алар Карис «Connectivity, Common Interests, and Cooperation» тақырыбында қонақ дәрісін оқыды. Дәріске мемлекеттік саясат, білім беру, жасанды интеллект және басқа да бағыттар бойынша білім алып жүрген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларының 200-ден астам студенті қатысты.

«Тарту университетінің (University of Tartu) ұзақ әрі даңқты тарихымен салыстырғанда біз әлі жас университетпіз. Оған қарамастан NU әлемдік деңгейдегі университет болуға, ел мен өңірге қызмет етуге және жаһандық сын-қатерлерді шешуге үлес қосуға ұмтылады», – деп Вакар Ахмад университеттің миссиясын таныстырды.

Өз сөзінде Эстония Президенті мемлекеттер болашағы үшін білім мен ғылымның маңызына тоқталып, Эстония мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды еске салды, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы сенім мен айқын ережелердің рөлін ерекше аталды. Дәрістің бір бөлігі жасанды интеллект мәселелеріне, оның ішінде білім берудегі рөліне арналды. Президент технологияларды сауатты пайдалану және жастарды болашақ сын-қатерлерге дайындау қажеттігін атап өтті.

«Бүгін біз жаңа сын-қатер – жасанды интеллектпен бетпе-бет келіп отырмыз. Онымен күресудің ең тиімді жолы – білім беруден бастау: балаларды саналы пайдаланушы болуға үйрету, ЖИ артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдері туралы түсіндіру. Эстонияда біз AI League деп аталатын ұлттық бағдарламаны іске қостық. Ол мұғалімдер мен оқушыларға мектептерге арнайы бейімделген ЖИ платформаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның білім беруде электрондық құралдар мен қосымшаларды қолдануда айтарлықтай жетістіктерге жеткенін білемін. Болашақта бізде ынтымақтастықтың көптеген бағыттары болатынына сенімдімін», – деді Эстония Президенті.

Министр Саясат Нұрбек студенттерге арналған дәріс Эстония Президентінің сапары аясында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.

«Бүгін Эстония Президенті Алар Каристің мемлекеттік сапары мен біздің студенттерге оқыған дәрісі білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады. Эстония университеттері жоғары сапасымен, мықты зерттеу мектебімен және озық цифрлық шешімдерімен ерекшеленеді. Тарихымызда алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде үкіметаралық келісімге, сондай-ақ академиялық ұтқырлық, студенттер мен оқытушылар алмасуы, бірлескен зерттеулер жөніндегі алты құжатқа қол қойылды. Цифрландыру және PISA көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатын Эстониядан үйренеріміз көп. Бұл келісімдер біздің жоғары оқу орындарының ұзақ мерзімді әріптестігіне берік негіз қалайды», – деді министр Саясат Нұрбек.

Сапар барысында Президент NU Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырып, кампус-турға қатысты. Ол ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының әзірлемелерімен, соның ішінде алғашқы ірі тілдік модель – KazLLM жобасымен танысты.

Университетке сапар Қазақстан мен Эстония ректорлары форумының ашылуымен аяқталды. Онда екі елдің ғылым және жоғары білім саласындағы вице-министрлері, сондай-ақ университет ректорлары жоғары білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.