
Бүгін, 17 қараша, Халықаралық студенттер күні аталып өтеді. Осы мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын!
Жастар – еліміздің интеллектуалдық дамуының басты күші, жаңа идеялардың және озық бастамалардың қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенемін. Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз» деп атап өткендей, еліміздің білім мен ғылым саласындағы саясаты жастардың әлеуетін толық ашуға бағытталған.
Соңғы жылдары елімізде жоғары білім мен ғылымды қолдау айтарлықтай күшейді.
Атап айтар болсақ, биыл жоғары оқу орындарына 93 мыңнан астам грант бөлініп, жастардың сапалы білім алу мүмкіндігі артты. Соңғы бес жылда студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті, әлеуметтік қолдау күшейді. «Ұлттық қор – балаларға» мен «Келешек» жинақтау жүйесі, жеңілдетілген кредиттер мен сараланған гранттар енгізіліп, әрбір жастың қабілеті мен еңбегі арқылы сапалы білім алуына мүмкіндік жасалды. Сонымен бірге шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі қалыптасып, қазір Қазақстан аумағында 33 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінде елімізде 31 500 шетелдік студент білім алып, білім беру жүйеміздің халықаралық тартымдылығы артып келеді.
Цифрлық құзыреттерді арттыру мақсатында еліміздің университеттері жасанды интеллект бағытындағы білім беруді белсенді енгізіп келеді. Қазірдің өзінде 549 мыңнан астам студент ЖИ негіздерін меңгеріп, оның мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Жоғары оқу орындарында әзірленген 137 ЖИ агенті еліміздің технологиялық әлеуетінің нақты көрсеткіші болып отыр.
Жас ғалымдардың өмір сапасы мен әлеуметтік әл-ауқаты Мемлекет басшысының ерекше назарында. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануы ұлттық ғылыми жүйені жаңғыртудың жаңа кезеңін бастады. Жас зерттеушілерді қолдау мақсатында биыл 563 пәтердің кілті табысталып, ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар жоғары білім беру инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа кампустар, зертханалар, жатақханалар салынуда.
Құрметті студенттер!
Сіздердің білімге деген талпыныстарыңыз, ғылымға деген қызығушылықтарыңыз, жаңа технологияларды меңгеру қабілеттеріңіз – еліміздің болашағының сенімді кепілі. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз Қазақстанның дамуына қосылған үлес екенін ерекше атап өткім келеді.
Сіздерге білім жолында зор табыс, алға жетелейтін жаңа мүмкіндіктер, тың идеяларға бастайтын шабыт және барлық бастамаларыңызда жарқын жеңіс тілеймін!
Халықаралық студенттер күні құтты болсын!
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек