
Торайғыров университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен айқындалған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Жастардың құқықтық тәрбиесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» тақырыбында пікірталас алаңы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру.
Пікірталас алаңына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
«Жанару» жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, академик Бейбіт Мамраев жастардың құқықтық сауаттылығының маңыздылығын атап өтті:
«Жастардың құқықтық санасын көтеру, олардың дүниетанымын қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытудың негізгі бағыттарының бірі», – деді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин өз сөзінде заңның үстемдігін сақтау мен әділдік қағидаттарының маңыздылығын атап өтіп, жастардың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігі қоғам дамуының маңызды факторы екенін айтты.
Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Галиасқар Қасымов университеттердің қоғамның құндылықтарын қалыптастырудағы және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін атап өтті:
«Адалдық, жауапкершілік және заңды құрметтеу қағидаттары болашақ мамандарды даярлау сапасына тікелей әсер етеді. Осы орайда, біз Торайғыров университеті базасында қаржы мониторингі офисін ашуды жоспарлап отырмыз», – деді.
Торайғыров университетінің Комплаенс-қызметінің жетекшісі Жанна Матенова және экономика және құқық факультетінің деканы Юрий Колесников университетте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, комплаенс-бақылау тетіктерін жетілдіру, ашықтық пен есептілікті арттыру бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
Кездесу барысында қатысушылар білім беру ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлін, жастарды құқықтық тұрғыдан тәрбиелеудің тиімді тетіктерін және азаматтық жауапкершілікті арттыру жолдарын талқылады.
Студенттер өз кезегінде қоғамда әділдік, заң үстемдігі және адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бастамаларды қолдайтындықтарын білдірді.