
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасындағы Грузияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидземен кездесті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, ғылыми тағылымдамаларды дамытуға және шетелдік студенттер санын арттыруға жоғары қызығушылық білдірді. Келіссөздер нәтижесінде 2026 жылы Грузия аумағында «Study in Kazakhstan» білім көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы ақпан айының басында Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихында алғаш рет жоғары білім және ғылым саласында келісім жасалды. Бұл – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Грузияның Білім, ғылым және жастар министрлігі арасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Аталған құжат екі елдің студенттері арасында бакалавриат, магистратура және PhD докторантурасы бағдарламалары бойынша эквивалентті алмасуды қарастырады.