Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшысы Клеа Фернандез Абай университетінде дәріс оқыды

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшысы Клеа Фернандез Абай университетінде дәріс оқыды

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшысы Клеа Фернандез Абай университетінде дәріс оқыды

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім беру психологиясы бойынша философия докторы, халықаралық деңгейдегі беделді қоғамдастық – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының сарапшысы (OECD), тәуелсіз кеңесші Клеа Фернандез дәріс өткізді. Ол педагогтар мен әкімшілік қызметкерлердің кәсіби дамуына арналған инновациялық бағдарламалар мен жапон ғалымы Макото Ёшидамен бірлесіп жазған «Lesson Study: A Japanese Approach to Improving Mathematics Teaching and Learning» атты ғылыми еңбектің авторы ретінде танымал.

Дәріс «Lesson Study әдістемесін мектеп тәжірибесіне тиімді енгізу мақсатында оның әдіснамасын ашып көрсету» тақырыбына арналды. Іс-шараның мақсаты – оқытушылар мен студенттерге Lesson Study әдісін кәсіби дамудың және педагогикалық тәжірибені жетілдірудің тиімді құралы ретінде таныстыру.

Кездесу барысында спикер ментор-зерттеушілерге, дипломдық жобалардың ғылыми жетекшілері мен дипломдық жұмыстарын Lesson Study форматында жазуды таңдаған студенттерге воркшоптар, видеоанализ, оқу материалдары және практикалық тапсырмалар арқылы әдіснаманы жан-жақты түсіндірді.

Дәріске қатысушылар Lesson Study әдісінің пайда болу тарихы мен Жапониядағы даму жолы және аталған әдістің АҚШ және өзге де елдерде енгізілу тәжірибесіне қатысты сұрақтар қойды.

Спикер дәріс нәтижесінде қатысушылар зерттеу сабағын бірлесіп жоспарлау, оқыту мен оқу үдерістерін талдау және нақты мектеп жағдайында Lesson Study тәсілін тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік алатынын айтты.

Айта кетейік, «Lesson Study: A Japanese Approach to Improving Mathematics Teaching and Learning» – жапондық білім беру тәжірибесіндегі ең тиімді кәсіби даму әдістерінің бірі – Lesson Study (сабақты бірлесе зерттеу әдісі) туралы ғылыми еңбек. Авторлар әдісті басқа елдердің де педагогикалық тәжірибесіне бейімдеуге болатын әмбебап модель ретінде ұсынады. Бұл тәсіл мұғалімдердің кәсіби өсуін, оқу сапасын және оқушылардың пәндік түсінігін тереңдетуді көздейді.