
Almaty Management University бизнес білім беру саласында халықаралық беделі мен жаһандық ықпалын бағалайтын Eduniversal рейтингі бойынша ең жоғары – 5 Palmes of Excellence санатына ие болды.
Рейтингтің нәтижелері Үндістандағы Indian Institute of Management Indore базасында өткен Eduniversal-дың 18-ші Дүниежүзілік конвенциясында жарияланды. Шешімді әлемнің жетекші бизнес-мектептерін жыл сайын айқындайтын Eduniversal халықаралық сарапшылар қауымдастығы қабылдады.
Конвенция аясында Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов «Building Strategies for Internationalization» атты панельдік пікірталасқа қатысып, жоғары білімді интернационалдандыру, орнықты даму және жаһандану жағдайындағы университеттердің рөлі туралы ой бөлісті.
Университет 2010 жылдан бері Eduniversal рейтингіне еніп, Орталық Азияның үздік үш бизнес-мектебінің қатарында.
Eduniversal Best Business Schools Ranking француздық Eduniversal халықаралық агенттігі тарапынан қалыптасып, әлемнің 154 еліндегі 1000-нан астам университетті қамтиды. Бағалау кезінде академиялық бедел, халықаралық аккредитациялар, қос дипломды бағдарламалардың болуы, халықаралық рейтингтер мен ғылыми конференцияларға қатысу сияқты көрсеткіштер ескеріледі.
Бұл жетістік қазақстандық жоғары білімнің халықаралық беделін нығайтуға, оның жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеуге және Қазақстанды Орталық Азияның білім беру орталығы ретінде танытуға ықпал етеді. 2026 жылы AlmaU Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (IAUP) өңірлік конференциясын Алматы қаласында өткізетін болады.