ToU-да цифрландыру күні аталып өтті: инновациялар, стартаптар және жасанды интеллект

ToU-да цифрландыру күні аталып өтті: инновациялар, стартаптар және жасанды интеллект

ToU-да цифрландыру күні аталып өтті: инновациялар, стартаптар және жасанды интеллект

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландырудың маңызын ерекше атап өтті. Осы бастаманы жүзеге асыру аясында бүгін, 10 қараша күні, Торайғыров университетінде Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні ауқымды түрде атап өтілді.

Күн тәртібіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және инновациялар саласындағы өзекті тақырыптар енгізілді. Бағдарлама AI және Machine Learning трегі, «Code&Control» хакатоны, Торайғыров университетінің цифрлық платформалары және «Startup Battle» IT-стартаптар байқауы сынды төрт негізгі бағыттан тұрды.

Шараның ашылуында Торайғыров университетінің Басқарма Төрағасы - ректоры Нұрлан Медетов құттықтау сөз сөйлеп, цифрландырудың еліміздің экономикалық және ғылыми дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. Іс-шараға өңірдің ірі серіктес компаниялары – Solid Group, «KSP Steel», «ҚазТрансОйл» АҚ, «Евроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және басқа да ұйым өкілдері қатысты.

«How to use AI Correctly in Industry?» атты воркшоп пен «The Ethics of Machine Learning Beyond Accuracy Toward Responsibility» семинары – Мажарстанның Обуда университетінің профессоры, жасанды интеллект саласының танымал ғалымы, доктор Амир Мосавидің қатысуымен өтті. Профессор өз баяндамасында өндірістік салаларда жасанды интеллектіні дұрыс қолданудың тиімді жолдары мен этикалық жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

Шара барысында студенттер арасында «Code&Control» хакатоны ұйымдастырылып, онда жас мамандар автоматтандыру жүйелерін әзірлеу бойынша жобаларын қорғады. Сонымен қатар университет қызметкерлері мен профессор-оқытушылар құрамы үшін SeDo, MOOK, және Portal TOU платформалары бойынша семинарлар ұсынылды.

Pavlodar Hub пен университеттің серіктестігі аясында «Startup Battle» атты IT-стартаптар байқауы өткізіліп, жас инноваторлар өз стартап жобаларын таныстырды.

Іс-шараның қорытындысында Цифрландыру күнінің салтанатты жабылуы өтіп, университет басшылығы барлық қатысушылар мен серіктестерге алғыс білдірді.