
Азаматтық авиация академиясының докторанты Нұрсұлтан Томпиев әзірлеген «Жасыл дәліздер» жобасы тұрақты авиация саласындағы әлемдік үздік үш бастаманың қатарына енді. Sheikh Mohammed Bin Rashid Al Maktoum Global Aviation Award беделді сыйлығын табыстау рәсімі Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) 42-ші Ассамблеясында өтті.
Жоба Академия докторанты Нұрсұлтан Томпиевтің жетекшілігімен және «Қазаэронавигация» РМК мамандары – М.Асылханов, А.Ахметбаев және А.Аққұловтың қатысуымен әзірленген. «Жасыл дәліздер» – халықаралық жүк рейстерінде тұрақты авиациялық отынды (SAF) пайдалануға әуе тасымалдаушыларды экономикалық тұрғыдан ынталандыруға арналған әлемдегі алғашқы жүйе. Жоба тұрақты авиациялық отынды қолданатын авиакомпаниялар үшін аэронавигациялық алымдарды төмендетуді, экологиялық отын көлемін ашық растауға арналған Book & Claim механизмін пайдалануды, CO₂ шығарындылары мен конденсациялық іздердің әсерін ғылыми модельдеуді, сондай-ақ 2026 жылы пилоттық бағыттарды іске қосып, кейіннен кеңейтуді көздейді.
Бұл бастама – «Академиялық ұйымдар – магистратура және докторантура» номинациясы бойынша ұсынылып, Азаматтық авиация академиясы мен «Қазаэронавигация» РМК арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың нәтижесі. Байқауға 52 елден 84 жоба мен 194 қатысушы қатысқан. Нәтижесінде қазақстандық жоба Германия мен АҚШ-тың бастамаларына ғана жол беріп, тұрақты авиация саласындағы ұлттық ғылым мен инновацияның жоғары деңгейін дәлелдей отырып, үшінші орынды иеленді.
«ИКАО деңгейінде мойындалу – бұл біздің командамыздың еңбегіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның әуе кеңістігін Еуропа мен Азия арасындағы «жасыл авиациялық көпірге» айналдыру жолындағы маңызды қадам. Мұнда экология мен экономика біртұтас үлгіде жұмыс істейді. Бұл марапат – тек жеке жетістік емес, жүйелі ғылыми көзқарас пен жаңашыл ойлау бүкіл саланы жаһандық деңгейде өзгертетінін дәлелдейтін белгі. Біз Қазақстанда туындаған идеялар әлемдік үздік жобалармен бәсекелесе алатынын және тұрақты авиацияның жаңа бағыттарын айқындай алатынын көрсеттік», – деді жоба жетекшісі.
Сондай-ақ оның айтуынша, экологиялық тұрғыдан алғанда жоба SAF қолданылатын рейстерде CO₂ шығарындыларын 70-80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Экономикалық жағынан ол Қазақстанның әуе кеңістігінің транзиттік авиатасымалдаушылар үшін тартымдылығын арттырады, ал имидждік тұрғыдан елдің тұрақты авиация саласындағы жаңашыл әрі жауапты қатысушы ретіндегі беделін нығайтады.
Sheikh Mohammed Bin Rashid Al Maktoum Global Aviation Award – авиациялық инновациялар, тұрақты даму және цифрлық трансформация саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді ілгерілету мақсатында тағайындалған халықаралық марапат.