ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ARIZONA STATE UNIVERSITY БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ БАСТАЙДЫ

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ARIZONA STATE UNIVERSITY БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ БАСТАЙДЫ

Халықаралық әріптестікті дамыту және қазақстандық жоғары білімді жаһандық академиялық кеңістікке интеграциялау аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, АҚШ-тың Arizona State University және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Келісім стратегиялық академиялық әріптестікті орнатуға, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі білім беру бағдарламаларын енгізуге, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге бағытталған.

Қол қою рәсімі ҚР Президентінің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында өтті. Құжатқа М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки мен Arizona State University жаһандық академиялық бастамалар жөніндегі вице-президенті Джулия Розен қол қойды.

Бұл әріптестік Қазақстан үшін қандай мүмкіндік береді:

  • Халықаралық қос диплом бағдарламасы (3+1 форматы): студенттер 3 жыл Қазақстанда және 1 жыл АҚШ-тағы Arizona State University-де оқиды. Бағдарлама аяқталған соң олар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Arizona State University-дің «Компьютерлік ғылымдар / Информатика» мамандығы бойынша екі дипломын алады.
  • ASU қолдауымен Honors College: Қазақстанда алғаш рет АҚШ-тың ASU моделіне негізделген жоғары жетістікті студенттерге арналған колледж ашылады. Колледж аясында зерттеу жобалары мен көшбасшылық дағдыларды дамытуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылады.
  • Мемлекеттік қолдау мен шәкіртақылар: бағдарлама бойынша оқу мемлекет тарапынан қолдау табады.
  • Ғылыми әріптестік пен технологияларды дамыту: тараптар цифрлық білім беру, инжиниринг, менеджмент, экология және жасанды интеллект салаларында бірлескен зерттеулер жүргізу, оқытушылардың тағылымдамасы мен тәжірибе алмасу туралы келісті.

«ASU университетімен келісімге қол қою – біздің университетіміз бен Қазақстанның жоғары білім жүйесі үшін тарихи оқиға, - деді М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дархан Ахмед-Заки. - Біз америкалық білім стандарттарын енгізіп, Honors College және 3+1 қос диплом бағдарламасын іске қосамыз. Біздің студенттер елде жүріп-ақ әлемдік деңгейдегі білім ала алады».

«Arizona State University Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастағанына қуанышты, - деді ASU проректорының кеңсесі жанындағы жаһандық академиялық бастамалар жөніндегі вице-президент Джулия Розен. - Ортақ білім беру бағдарламалары, зерттеу және академиялық ұтқырлық АҚШ пен Орталық Азия арасындағы көпірге айналып, студенттер мен оқытушыларға нақты мүмкіндіктер ашады деп сенеміз».

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Аризона штатының университеті келісімді іске асыру кезең-кезеңімен, ашық түрде және академиялық қауымдастықпен, студенттермен және халықаралық серіктестермен бірлесе жүргізілетінін растады.