
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Вашингтон қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен әлемдегі жетекші онлайн-білім беру платформаларының бірі – Coursera компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Coursera компаниясының өкілдері қол қойды. Меморандум аясында академиялық ынтымақтастықтың жаңа формаларын дамыту және білім беру үдерісіне озық цифрлық құралдарды енгізу көзделген. Атап айтқанда, ынтымақтастық жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы прокторинг және білімді бағалау жүйелерін енгізуді қамтиды. Бұл студенттердің оқу жетістіктерін бағалауда ашықтық пен объективтілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қазақстандық студенттер мен оқытушылар үшін әлемнің жетекші университеттерінің онлайн бағдарламаларын дамыту, білім алушылар мен педагогтерді халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау, сондай-ақ Coursera шешімдері негізінде ұлттық цифрлық білім беру платформасын құру кіреді.
Серіктестік онлайн-білім беру және цифрлық трансформация саласындағы бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырылады.
Келісімнің маңызы – Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық білім беру және жасанды интеллект құзыреттерін дамыту орталығы ретіндегі позициясын нығайтуында. Бұл бастама еліміздің жаһандық білім кеңістігіне интеграциялануына және ұлттық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға маңызды қадам болмақ.
Меморандумға қол қою оқиғаны еліміздің цифрландыру, инновациялық даму және халықаралық ынтымақтастыққа ашықтық бағытындағы стратегиялық бағытының жалғасы ретінде бағалауға болады.