
Қысқа бейнероликтер жасау мен көруге арналған TikTok жетекші платформасы төртінші жыл қатарынан өтетін #Қазақстанмұғалімдері байқауын іске қосты. Бұл бастама аясында бүкіл елдің педагогтері өз пәндері бойынша қысқа, танымдық бейнеформатта білімдерімен бөлісе алады.
Бастаманың дәстүрлі серіктестері – ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі. Министрліктердің қолдауы платформаның кең аудитория арасында білімді насихаттаудағы маңызын атап көрсетіп, TikTok-тағы ұстаздар қауымдастығының дамуына үлес қосып келеді.
Төрт жыл ішінде байқау арқасында Қазақстанда мектеп мұғалімдерін, колледж оқытушыларын және жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын біріктірген білім беру контентін жасайтын мықты қауымдастық қалыптасты. Жалпы бейнероликтер саны 90 мыңнан асты. Бұрынғы жеңімпаздар – Ботагөз Омарова, Хайдар Мырзахметов, Байболат Сейдахан, Евгений Солоницын – өз мысалында қысқа танымдық видеолардың қызықты әрі миллиондаған қаралым жинай алатынын дәлелдеді.
«Бұл байқау мұғалімнің ықпалы сынып шеңберінен әлдеқайда кең екенін көрсетті. TikTok-та жас та, қашықтық та маңызды емес – өзін көрсете алатын кез келген адамға мүмкіндік бар. Мен ауылда тұрсам да, бұл платформа мені өңір төңірегінен шығарды. Өз тәжірибең мен біліміңмен онлайн бөліскенде, сен тек үйретіп қана қоймайсың – ата-аналарға, оқушыларға және әріптестерге өз пәні мен мамандығына жаңа көзқараспен қарауға көмектесесің. Әр мұғалімнің TikTok-та басқаларды шабыттандыра алатын өз тарихы бар деп сенемін», - дейді Алакөл облысы Достық ауылындағы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова.
Ботагөз Омарова 2023 жылы «Қазақстан мұғалімдері» байқауының жеңімпазы атанған, ал биыл ол Discover List TikTok – контент авторларының жаһандық тізіміне енген алғашқы қазақстандық ұстаз болды.
Байқауға қатысу үшін педагогтер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары 19 қарашаға дейін кем дегенде бір бейнеролик жариялап, жоба парақшасында өтінім қалдыруы және #Қазақстанмұғалімдері хэштегін қосуы қажет. Бейнероликтер танымдық сипатта болып, автордың пән саласына сәйкес келуі тиіс.
Автордың видеосы 1 000 қаралымнан асқан жағдайда, оның профиліне эксклюзивті рамка беріледі. Ал 5 000 қаралымнан жоғары жинаған қатысушылар үш iPhone 17 ұтысына қатыса алады.
Жеңімпаздар аудиторияның белсенділігі мен қызығушылығы негізінде анықталады. Толық ережелер TikTok қосымшасындағы байқау парақшасында қолжетімді.
«Біздің жобамыз көптеген міндетті шешеді: мұғалім мамандығын насихаттайды, педагогтерді цифрлық контент жасау дағдыларын меңгеруге ынталандырады, өздерін еркін көрсетуге және аудиториясын сыныптан тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар миллиондаған пайдаланушыға білім беру контентін сенімді ұстаздардан тікелей алуға жол ашады. Биыл да жоба қазақстандық білім беру саласында жаңа есімдерді ашып, олардың шығармашылық әлеуетін көрсетуге көмектеседі деп сенеміз», - дейді TikTok компаниясының Түркия, Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы операциялық бөлімінің басшысы Мелис Чағлар.