Астанада Сәтбаев университетінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа инженерлік кампус академиялық дайындықты, зерттеулер мен индустрияны біріктіретін білім, ғылым және инновация орталығына айналады.
Тоқсан жылдан астам тарихында Сәтбаев университеті Қазақстанды индустрияландыруға, энергетика, геология және машина жасау салаларын дамытуға үлес қосқан 160 мыңнан астам инженерді дайындап шығарды.
Қазақстанның тұңғыш ұлттық техникалық зерттеу университетінің Астана қаласында ашылған инженерлік кампусы еліміздің солтүстік аймақтарына қажетті инженерлердің жаңа буынын даярлайтын болады.
Сәтбаев университетінің жаңа инженерлік кампусы өнімді ғылыми-білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында заманауи аддитивті технологиялардың, робототехника, энергетика және машина жасау зертханаларымен, коворкингтермен және ыңғайлы зерттеу кеңістіктерімен жабдықталған. Оқу процесі Сәтбаев университетінің академиялық стандарттарына сәйкес индустриялық серіктестер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып құрастырылған.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім экономикасына көшу жағдайында біздің елімізге кәсіби білікті инженерлер, техникалық мамандықтар бойынша өз ісінің шеберлері өте қажет. «Біздің мамандарымыз жаһандық бәсекелестікке төтеп бере алатындай білімді әрі білікті болулары тиіс», - деген болатын Мемлекет басшысы.
Сәтбаев университеті инженерлер даярлау жөніндегі білім бағдарламаларын үнемі жаңартып, студенттерді тек жоғары технологияларды қолдануға ғана емес, сонымен қатар оларды жасауға да үйретуді көздейді. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова кампустың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деп атап өтті: «Астанада Сәтбаев университеті жаңа кампусының ашылуы – жоғары білім беру жүйесінің кеңеюінің, оның уақыт талабына жауап беруге және Қазақстанның орталық өңірі экономикасына қажетті кадрларды даярлауға ұмтылуының тағы бір нышаны болып отыр».
Сәтбаев университетінің білім беру кеңістігін кеңейту елімізде қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік орталықтары мен университеттің өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – білім мен ғылымды және индустрияны біріктіре отырып, болашақта инженер болуға ұмтылған әрбір адам үшін техникалық білімді қолжетімді ету», - деп атап өтті Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Сәтбаев университеті ғылым мен білім беруді дамытудың ашық үлгісін белсенді түрде енгізіп, әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып келеді. Биыл екі жүзден астам студент пен оқытушы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқуға және жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Атап айтқанда: Penn State, University of Glasgow, University of Lorraine, University of Exeter, City University of Hong Kong, Баку мемлекеттік университеті, NFSU, China University of Petroleum.
Сәтбаев университеті жаңа кампусының ашылуына серіктес университеттер өкілдерінің қатысуы олардың Қазақстанда жаңа инженерлік ой орталығын қалыптастыруға деген қызығушылығын айғақтайды.
Сәтбаев университетінің негізгі серіктесі болып табылатын City University of Hong Kong делегациясын таланттарды дамыту және халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті Вен Ли басқарып келді. Ол ғалымдар мен жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы жаһандық білім беру нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін және жоғары технологияларды дамыту үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ кампус аумағында Қазақстанның бірқатар кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды, атап айтқанда, Астанадағы жаңа білім беру мекемесінің тұрақты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыратын электротехника өнеркәсібі саласындағы компаниялар бар. Олардың қатарында Alageum Electric, Астана электротехникалық зауыты, LocosystemsKZ бар.