ММХҚИ-дың Қазақстандағы филиалының алғашқы студенттері студенттік билеттерін алды

ММХҚИ-дың Қазақстандағы филиалының алғашқы студенттері студенттік билеттерін алды

ММХҚИ-дың Қазақстандағы филиалының алғашқы студенттері студенттік билеттерін алды

Еуразия ұлттық университеті базасындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) Қазақстандағы филиалының бакалавриат және магистратура бағдарламаларының алғашқы студенттеріне студенттік билеттерді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ММХҚИ ректоры Анатолий Торкунов табыстады.

Іс-шараға университет басшылары, Ресейдің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының өкілдері, екі елдің білім беру ведомстволары, Астана қаласының әкімдігі, студенттер мен олардың ата-аналары, оқытушылар, түлектер және БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан мен Ресей арасында халықаралық қатынастар мен ғылым саласында 10 үкіметаралық келісім және 1500-ге жуық жоғары оқу орындары арасындағы келісімдер бар екенін атап өтті.

«Біздің елдеріміз арасындағы әріптестікке жаңа өлшем – ғылыми және академиялық бағыт қосылуда. Бұл байланыс ешқашан әлсіремеген, бірақ қазір оны жаңа мазмұнмен байыту қажет. Сондықтан біз ММХҚИ басшылығына филиалымызға ең озық бағдарламаларды енгізіп жатқаны үшін алғыс айтамыз. Бұл – жаңа бағдарламалар. Мен бұл филиалдың болашағы зор екеніне сенемін», – деді министр.

ММХҚИ ректоры Анатолий Торкунов өз құттықтауында Еуразия ұлттық университетінің 30 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстан ғана емес, әлемдік жоғары білім беру жүйесінде де лайықты орын алғанын атап өтті.

«Біз бұл филиал үшін таңдаған бағдарламалар ең алдымен Қазақстанда еңбек етіп, оның экономикасы мен сыртқы байланыстарын дамытатын жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған. Мен сенемін, бәрі сәтті болады және сіздер ММХҚИ филиалының түлектері ретінде керемет  маман  болып шығасыздар», – деді Анатолий Торкунов.

Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин өз сөзінде бүгінгі оқиғаның Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастар үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

«Мен ММХҚИ-дың Астанадағы филиалы жаңа көшбасшыларды, қазіргі халықаралық жағдайда тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлайтын алаңға айналатынына сенімдімін. Құрметті студенттер, сіздер біздің үлкен қара шаңырғымыздың мүшесі атандыңыздар. Университет дәстүрлерін қастерлеңіздер. Әлемді барлық қырынан түсініп, құрметтеуге үйреніңіздер», – деді дипломат.

Іс-шара аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы, ММХҚИ түлегі Нұрлан Жақыпов та сөз алды:

«ММХҚИ Қазақстанның академиялық кеңістігінің бір бөлігіне айналғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл – біздің студенттер үшін әлемдік деңгейдегі білім алуға, өз елінен шықпай-ақ мүмкіндік беретін тамаша жағдай. ММХҚИ – саясат пен бизнес саласы үшін кадрлар ұстаханасы ретінде әлемге әйгілі университет. Құрметті студенттер, уақыттарыңызды барынша тиімді пайдаланыңыздар: оқыңыздар, ізденіңіздер, достарыңызбен араласыңыздар, жаңа нәрселерді байқап көріңіздер. Университеттегі әрбір күн – сіздердің болашақтарыңызға салынған инвестиция», – деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар ММХҚИ-дың Қазақстандағы филиалының студенттері де өз әсерлерімен бөлісті.

«ММХҚИ-дың үлкен шаңырағының бір уығы болғанымызға өте қуаныштымыз. Диплом алу үшін біз бар күшімізді саламыз. Біздің оқуымыз нәтижелі болып, жақсы жетістіктер көрсетеміз деп сенеміз. ММХҚИ филиалының ашылуы Қазақстанда кең академиялық мүмкіндіктер ашты. Біз, магистранттар, бұл күнді жаңа мүмкіндіктер мен ортақ жетістіктердің бастауы ретінде қабылдаймыз», – деді магистрант Аружан Қакимсейіт.

Ресей СІМ-нің шешімімен құрылған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы (ММХҚИ) Қазақстанда қазақстандық-ресейлік Үкіметаралық комиссия шешімі негізінде ашылып, алғашқы студенттерін биыл қыркүйекте қабылдады. Оқыту ресейлік және қазақстандық мамандармен бірлесіп, бакалавриаттың «Әлеуметтік-экономикалық және бизнес-процестерді талдау мен модельдеу», «Әлемдік минералдық-шикізат және энергетикалық нарықтар» және магистратураның «Қаржылық экономика және қаржылық технологиялар», «Көпжақты институттар және технологиялық дамуды жаһандық басқару» білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіледі.