
Астанада «Қазақстан – академиялық білім аймағы» ІІ форумы аясында Стратегиялық серіктестер кеңесінің отырысы өтті. Пленарлық отырысқа шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтингтік агенттіктердің өкілдері, сондай-ақ отандық университеттердің ректорлары қатысты.
Отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор ретінде жүргізді. Өз сөзінде министр серіктестік аясындағы бірлескен жұмыстың негізгі нәтижелерін атап өтті.
Жиынды аша отырып, Саясат Нұрбек форум жұмысына белсенді қатысқан стратегиялық серіктестерге ризашылығын білдіріп, форумның пленарлық бөлігіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы еліміздің жоғары білім мен ғылым жүйесін түрлендіруге жоғары деңгейде мүдделі екенін дәлелдейтінін айтты. Оның айтуынша, форум қол жеткізілген нәтижелерді саралап, алдағы басым бағыттарды айқындауға және жаңа бірлескен бастамаларды әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналды.
Министр атап өткендей, Қазақстанның әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы білімді халықаралық стандарттар бойынша бағалау жүйесіне көшуге серпін берді. Бұл бағыттағы негізгі серіктестердің бірі – әлемдегі ең ірі коммерциялық емес білімді бағалау ұйымы Educational Testing Service (ETS) компаниясы. ETS TOEFL, GRE және TOEIC сияқты әлемге әйгілі тестілерді әзірлейді және жүргізеді, сондай-ақ білім сапасын ұлттық және халықаралық деңгейде бағалау бағдарламаларына қатысады.
Отырысқа компанияның бас директоры Амит Севак қатысып, Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Форумның халықаралық қатысушыларының бірі – Біріккен Араб Әмірліктерінің Халифа ғылым және технология университетінің президенті Эбрехим Саид әл-Хаджри. Ол Қазақстан мен БАӘ арасындағы білім және ғылым салаларындағы серіктестіктің жоғары әлеуетін атап өтті. Халифа университеті инженерия, жаратылыстану және цифрлық технологиялар бағытында мамандар даярлауға және ғылыми зерттеулер жүргізуге маманданған. Сондай-ақ университет қазақстандық жоғары оқу орындарымен энергетика, биомедицина, робототехника және ғарыштық технологиялар салаларында белсенді ынтымақтастық орнатып келеді.
Отырыста су ресурстары саласындағы серіктестікті дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан бұл салада тарихи тұрғыдан зор ғылыми және білім беру әлеуетіне ие. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Бүгінде еліміздегі 13 жоғары оқу орны су саласына мамандар даярлап жатыр. Солардың бірі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, оның базасында Өзбекстанның Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері ұлттық зерттеу университетінің филиалы ашылған. Университет ректоры Баходир Мирзаев стратегиялық серіктестіктің екі елдің ынтымақтастығын нығайтып, Орталық Азиядағы су саласының жедел дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындарымен серіктестік те белсенді дамып келеді. Солардың ішінде ерекше жоба – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында ашылған Лу Бань шеберханасы. Қазақстанда тағы екі осындай шеберхананы ашу жоспарланып отыр. Бұл – Қазақстан-Қытай білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің айғағы. Отырысқа Тяньцзинь кәсіби институтының президенті У Цзунбао да қатысты. Бұл оқу орны 1978 жылы құрылған және Қытайдағы алғашқы кәсіби бағыттағы жоғары оқу орындарының бірі болып саналады.
Кеңес жұмысының қорытындысында халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.