Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні интеграциялау перспективаларын талқылады

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні интеграциялау перспективаларын талқылады

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні интеграциялау перспективаларын талқылады

«Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы аясында Coventry University Kazakhstan базасында «Жасанды интеллект және студенттердің үміттері: университеттік бағдарламалар құрылымын қайта пайымдау» тақырыбында панельдік сессия өтті.

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов құттықтау сөзінде жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу оқытуды жекелендіруге және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу оқыту әдістерін жетілдірумен қатар студенттердің қажеттіліктері мен еңбек нарығының сұранысына бағытталған икемді жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

Пленарлық сессия жұмысына стратегиялық әріптестер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Италияның CIMEA академиялық эквиваленттілік және ұтқырлық ақпараттық орталығының бас директоры Л.Лантеро, Германияның FIBAA аккредитация қорының атқарушы директоры Д.Фрайбергер, Ұлыбританияның Cardiff University бас операциялық директоры әрі хатшысы С.Паула, Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті жаратылыстану факультетінің деканы Н.Свириденкова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Г.Джарасова және Erasmus+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Л.Палуанова бар.

«Қазақстанның академиялық білім беру орталығы ретіндегі рөлін нығайтудағы трансұлттық білім берудің маңызы» атты дөңгелек үстел ерекше қызығушылық тудырды. Оған Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов модераторлық етті. Ол өз сөзінде Coventry University Kazakhstan өңірдегі трансұлттық білім беру саласының көшбасшысы болуға ұмтылатынын атап өтті.

«Бүгін біз тек білім мен технология трансфері мәселелерін ғана емес, халықаралық стандарттар мен ұлттық басымдықтарды ұштастыратын тұрақты жүйені қалыптастыруды талқылап отырмыз. Біздің мақсатымыз – дарынды студенттерімізге әлемдік деңгейде білім алуға және Қазақстан құрып жатқан инновациялық экономикада сұранысқа ие болуға мүмкіндік жасау», – деп атап өтті спикер.

Спикерлер қатарында Cardiff University (Ұлыбритания) президенті В.Ларнер, Coventry University (Ұлыбритания) кәсіпкерлік және инновациялар жөніндегі проректоры П.Нун, Нархоз университетінің провосты Е.Шуланов, KAIST Kazakhstan филиалының жетекшісі Д.Молдақұлова, Harvest Agro Group басқарушы директоры А.Маралова және Ұлыбританияның Білім сапасын қамтамасыз ету агенттігінің (QAA) атқарушы директоры Р.Страуд болды.

Сарапшылар халықаралық аккредитация тәжірибелерін, инновациялық білім беру бағдарламаларын ұлттық нормативтік және біліктілік шеңберлеріне интеграциялау тетіктерін, сондай-ақ Қазақстанда шетелдік кампустар ашудағы мемлекеттік және жеке серіктестермен өзара іс-қимыл тәжірибесін талқылады.

Форум қорытындысы ретінде жоғары оқу орындары мен серіктестер арасында білім, ғылым және инновациялар саласындағы стратегиялық диалогты нығайту, трансұлттық білім беруді дамыту, сапаны қамтамасыз ету мен академиялық ұтқырлықты арттыруға бағытталған ортақ тәсілдер қабылданды.