Арал теңізі табанының экожүйесін жақсарту: Қазақстанда әлемдік маңызы бар жоба іске қосылмақ

Арал теңізі табанының экожүйесін жақсарту: Қазақстанда әлемдік маңызы бар жоба іске қосылмақ

Арал теңізі табанының экожүйесін жақсарту: Қазақстанда әлемдік маңызы бар жоба іске қосылмақ

Бүгін Арал теңізі табанының экожүйесін жақсартуға бағытталған экологиялық жобаны іске қосуға арналған кездесу өтті. Бастаманың серіктестері қатарында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Калифорния университеті (Беркли) және Аралды құтқару халықаралық қорының Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы бар. Жобаны Болат Өтемұратов қоры жүзеге асырады.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысып, министр Саясат Нұрбектің бұл жобаның еліміздің табиғи мұрасын сақтаудағы маңыздылығына қатысты құттықтау сөзін жеткізді. Ол министрліктің экологиялық бастамаларды қолдайтынын, жас ғалымдарға мүмкіндік беріп, ғылым мен тәжірибені ұштастыруға жағдай жасап отырғанын атап өтті.

Арал теңізі – әлемдегі ең ірі экологиялық апаттардың бірі ретінде танылған аймақ. Оның аумағы 90 пайызға дейін тартылып, құрғаған түбінде миллиондаған гектар тұзды жазықтар пайда болды. Бұл тұзды алқаптар улы шаңның негізгі көзіне айналды. Экологтардың бағалауынша, мұнда ондаған миллиард тонна тұз шөгіп, ал жел арқылы ол мыңдаған шақырымдарға – Арктика мен Гималайға дейін тарайды. Улы заттармен және пестицидтердің қалдықтарымен қаныққан бұл шаң топырақты, суды және ауаны улап, миллиондаған адамның денсаулығына және тұтас өңірлердің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Пилоттық жоба Арал теңізі құрғаған табанының экожүйесін ұзақ мерзімді жақсартуға және Калифорния университетінің (Беркли) ғалымдары әзірлеген инновациялық E-seed технологиясын сынақтан өткізуге бағытталған. Бұл технология дрондардың көмегімен биологиялық ыдырайтын қабықтағы өздігінен топыраққа сіңетін тұқымдарды аэросебу әдісіне негізделген.

Аталған тәсіл көгалдандырудың ауқымын және жылдамдығын арттырып, тұқымдардың топыраққа тереңірек енуін қамтамасыз етеді және еңбек шығындарын азайтады.

«Арал теңізі – бұл ғаламшардың жазылмаған жарасы. Біз тұз бен улы шаңның таралуына тосқауыл қойып, адамдардың денсаулығын жақсартуға және Жердің болашағына үлес қосуға бағытталған жобаны қолға алып отырмыз. Технологияның бірегейлігі – шөлдерді жасыл оазистерге айналдырып қана қоймай, сонымен қатар өртенген ормандарды қалпына келтіруге де, орман отырғызудың тиімділігін арттыруға да ықпал ете отырып, оны әлемнің кез келген нүктесінде қолдануға болатындығында», – деді Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова.

Пилоттық сынақ ретінде 1 гектар аумаққа тұқым отырғызу 2026 жылғы наурыз-сәуір айларында басталады. Ғылыми дәлелденген жерсіну көрсеткіштері 20 пайыздан жоғары болған жағдайда, пилоттық жобаның екінші кезеңі шеңберінде 2027 жылы Арал теңізінің 50 гектар құрғаған табанына тұқым себіледі.

«E-seed технологиясын қолдану топырақ құрылымын нығайтуға, шаң мен тұз шығарындыларын азайтуға, ал ұзақ мерзімде өңірдің биоалуантүрлілігін арттыруға мүмкіндік береді. 2040 жылға қарай кемінде 50 шаршы шақырым аумақта экожүйені тұрақтандыруды, ауаның температурасын 1-2 градусқа төмендетуді және микроклиматты жақсартуды жоспарлап отырмыз», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Рахат Құрманбаев.

Жоба Қазақстан төрағалық ететін 2024-2026 жылдарға арналған Аралды құтқару халықаралық қоры (АҚХҚ) шеңберіндегі бастамалармен тығыз байланысты. Осы кезеңде теңіз табанының 1 миллион гектардан астам аумағын көгалдандыру жоспарланып отыр.

Кездесу соңында тараптар Арал экожүйесін қорғау жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Калифорния университетінің Morphing Matter зертханасы, Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы және Болат Өтемұратов қоры арасындағы серіктестікті бекітті.