Бүгін, 29 қазан күні, Стратегиялық серіктестер форумының қарсаңында жоғары оқу орындарының басшылары «YDA Industrial Park» интеграцияланған өндірістік кешеніне барды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты. Қонақтар медициналық жиһаз фабрикасының, жылдам тұрғызылатын ғимараттар фабрикасының және өзге де өндіріс орындарының шоурумдары мен цехтарының жұмысымен танысты. YDA Industrial Park – құрылысы 2022 жылы аяқталып, пайдалануға берілген ауқымды инвестициялық жоба. Кешен құрамында бес жеке зауыт бар: медициналық газдар мен жабдықтар фабрикасы, медициналық жиһаз фабрикасы, кеңсе жиһазы фабрикасы, жылдам тұрғызылатын ғимараттар фабрикасы, ПВХ және алюминий конструкцияларын өндіру зауыты.
«YDA Industrial Park» кешенінің бірегейлігі – біртұтас өндірістік экожүйенің құрылуында. Мұнда кәсіпорындар өзара байланыста жұмыс істеп, тиімді синергия қалыптастырады және бірлескен жобаларды іске асырады.
Кешенге жасалған сапар жоғары оқу орындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары «университет – зертхана – өндіріс» қағидаты бойынша практикаға бағытталған білім беру бағдарламаларын белсенді түрде дамытып келеді.
Студенттер кәсіби тәжірибеден өту үшін заманауи материалдық-техникалық базасы мен білікті кадрлары бар кәсіпорындарға жіберіледі. Өндірістік алаңдарда кафедра филиалдары құрылып, онда болашақ мамандар практикалық дағдыларды меңгеріп, заманауи технологиялармен танысады.
Кездесу қорытындысы бойынша студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуі жөнінде келісімшарттар жасау және жоғары оқу орындары мен YDA Industrial Park арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.