ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ БИОИНФОРМАТИКА БОЙЫНША БІРЕГЕЙ КУРСТАР ӨТТІ

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ БИОИНФОРМАТИКА БОЙЫНША БІРЕГЕЙ КУРСТАР ӨТТІ

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ БИОИНФОРМАТИКА БОЙЫНША БІРЕГЕЙ КУРСТАР ӨТТІ

Қозыбаев университеті үшінші буын технологияларын қолдануға бағытталған функционалдық геномика және биоинформатика бойынша бірегей курстар ұйымдастырды. Жоба халықаралық стандарттарға сәйкес озық тәжірибелерді, заманауи технологияларды және танымал әлемдік сарапшыларды біріктіріп, Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарлама биология пәні бойынша академиялық білімі бар магистранттарға, докторанттарға, зерттеушілерге арналған.

«Осы курстарды бастау үшін университет көп күш жұмсады. Дайындық кезеңінде қажетті инфрақұрылым жасақталып, деректерді жинақтау мен өңдеу үдерісін қамтамасыз ету мақсатында заманауи сервер сатып алынды. Бұл – білім беру сапасын арттыруға және ғылыми зерттеулердің жаңа деңгейіне шығуға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта осындай бірегей курстардың ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз. Мұндай бастамалар еліміздің аграрлық ғылымы мен биотехнология саласындағы әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Бұл шараға Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің (Қытай) білім алушылары мен Алматы қаласындағы Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының қызметкерлері қатысып жатқаны қуантады. Бұл өз кезегінде ғылыми ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың нақты көрінісі», – деп атап өтті Басқарма төрағасы - ректор Ербол Исақаев.

Бес күн ішінде қатысушылар заманауи деректер жиынтығымен жұмыс істеді және әртүрлі секвенирлеу платформаларында есептеу талдауының практикалық тәжірибесіне ие болды.

«Біз генетикалық ақпаратты талдаудың заманауи әдістерімен, компьютерлік технологиялар арқылы қызметімен таныстық. ДНҚ және РНҚ деректерімен жұмыс істедік, геномдарды аннотациялау, ген экспрессиясын талдау және генетикалық маркерлерді анықтау үшін биоақпараттық бағдарламаларды пайдалануды үйрендік. Бұл тәжірибе менің кәсіби саламда тікелей қолданылады. Олардың көмегімен өсімдіктердің қолайсыз ортаға төзімділігіне жауап беретін гендерді анықтауға; ауыл шаруашылығындағы дақылдар ауруларының қоздырғыштарының геномдарын талдауға болады», – деді қатысушы Айнұр Балахметова.

Бағдарлама аясында геномдарды секвенирлеу және оларды PacBio бойынша құрастыру әдістері, эксперименттерді жоспарлау және сапаны бағалау құралдары мен стратегиялары, In silico геном сипаттамаларын және басқа да заманауи тәсілдерді талдау дағдылары игерілді.

Бағдарламаны үлкен халықаралық тәжірибесі бар геномика және биоинформатика саласындағы беделді маман, профессор Андреа Зукколо басқарады. Оның кәсіби мансабына Пиза университетінде (Италия), KAUST университетінде (Сауд Арабиясы) және алты жылдан астам уақыт бойы Аризона университетіндегі (АҚШ) қызметі кіреді. Ол зерттеу жүргізіп, Геномика институтында биоинформатика талдау тобын басқарды. 2025 жылы профессор Зукколо Қозыбаев университетінің халықаралық кампусының тобына қосылды.

Курс спикерлерінің арасында KAUST университетінің геномика және биоинформатика саласындағы жетекші зерттеушілері Мара Микулан мен Мирко Челии, сондай-ақ Arizona Genomics Institute ассоциативті директоры Дарио Копетти бар.

Барлығы 10 адам курсты аяқтап, тиісті сертификаттар алды.