Бүгін Республика күніне арналған мерекелік іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 16 жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
Іс-шараның ашылуында министр қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің ғылым және жоғары білім жүйесінде жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамаларға тоқталды.
«Қазіргі таңда Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім жүйесі қарқынды дамып, әлемдік стандарттарға жақындап келеді. Академиялық дербестік университеттерге өз бағытын айқындауға және жаңашыл жобаларды іске асыруға жол ашты. Президент тапсырмасына сәйкес еліміз өңірлік академиялық орталық ретінде өз позициясын нығайтып келеді», – деді министр.
Министр өз сөзінде жас ғалымдардың өмір сапасы мен әлеуметтік әл-ауқаты Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бірқатар ғалымдар мен ғылым қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталғанын атап өтті.
«Ғылым тек идея мен ізденістен ғана тұрмайды, ол тұрақты қолдау мен қолайлы жағдайды да қажет етеді. Бүгін Ұлттық мереке қарсаңында 16 жас ғалымға пәтер кілттері табысталып жатыр. Бұл – мемлекетіміздің жас зерттеушілерге көрсетіп отырған жүйелі қолдауының және ғылым саласын дамытуға деген берік ұстанымының айқын көрінісі. Сондай-ақ бүгін Президент Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Отандық ғылымның дамуына серпін беріп жүрген көрнекті тұлғалардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың жетістігі жас буынға өнеге, ел абыройының айғағына айналды», – деді Саясат Нұрбек.
Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру үшін Комиссия Алматы қаласында баспана беру үшін ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарының кезекті тізімін айқындады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Министрлік бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Негізгі мақсат – жас ғалымдарға қолайлы әлеуметтік жағдай жасау арқылы олардың ғылыми әлеуетін арттыру және ғылыммен тұрақты айналысуға ынталандыру. Жас ғалымдар санының артуы елдегі ғылыми-зерттеу қызметінің сапасы мен тиімділігін көтеріп, инновациялық идеялар мен жаңа технологиялардың дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ғылым мен жоғары білім саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 482 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.