ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Республика күніне орай құттықтауы

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Республика күніне орай құттықтауы

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Республика күніне орай құттықтауы

 

Құрметті әріптестер, қадірлі ұстаздар мен студенттер!

Сіздерді ел тәуелсіздігінің бастауы – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – Қазақстан тарихындағы ең маңызды белестердің бірі, ел тағдырын айқындаған тарихи шешімнің символы. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация азаттыққа бастар алғашқы қадам болды. Сол тарихи күннен бастап халқымыз өз тағдырын өзі шешетін дербес мемлекет құру жолына түсті.

Бүгінгі ұрпақ осы азаттықтың арқасында өз елінде білім алып, ғылыммен айналысып, әлемдік өркениетке белсенді кірігіп, жаңашыл ұлтқа айналды. Тәуелсіздіктің негізі – білім мен еңбек, ғылым мен ізденіс. Сондықтан басты міндет – осы құндылықтарды сақтап, жаңа ұрпаққа жеткізу.

Қазіргі таңда Қазақстанның ғылымы мен жоғары білім жүйесі қарқынды дамып, әлемдік деңгейдегі стандарттарға сай болуға ұмтылуда. Академиялық дербестік университеттерге өз бағытын айқындауға, жаңашыл жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жас ғалымдарымыз мен студенттердің жетістіктері – жаңа Қазақстанның жарқын болашағының айғағы.

Соңғы жылдары Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл бағытта бірқатар іргелі бастамалар жүзеге асты. Атап айтсақ, біріншіден, Қазақстан аймақтық академиялық орталық ретінде өз позициясын айқын әрі сенімді түрде күшейтіп келеді. Бұл бағытта әлемнің білім беру көшбасшылары – Англия, АҚШ, Ресей Федерациясы, Қытай, Корея, Франция, Германия және Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен 40 стратегиялық серіктестік орнатылды. Мұндай ауқымды халықаралық әріптестік еліміздің жоғары білім жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, академиялық ұтқырлық пен ғылыми ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтті. Бүгінде Қазақстан аумағында 33 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы табысты жұмыс істеп, әлемдік білім мен инновацияларды отандық білім кеңістігіне енгізіп, жастарға жаһандық стандарттарға сай білім алуға жол ашып отыр.

Екіншіден, биыл жоғары оқу орындарына 93 мыңнан астам грант бөлініп, жастардың сапалы білім алу мүмкіндігі артты. Соңғы бес жылда студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті, әлеуметтік қолдау күшейді.

«Ұлттық қор – балаларға», «Келешек» жинақтау жүйесі, жеңілдетілген кредиттер мен сараланған гранттар енгізіліп, әр жастың қабілеті мен еңбегі арқылы жоғары білім алуына мүмкіндік жасалды.

Үшіншіден, еліміздің білім кеңістігіне жаңа тыныс берген AI-Sana бағдарламасы – бүгінгі жастардың цифрлық дәуірге нық қадам басуына жол ашқан ірі бастама. Бұл жоба – Президент тапсырмасымен жүзеге асқан, уақыт талабына сай туған тың серпін.

Қазірдің өзінде 549 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздерін игеріп, оның мүмкіндіктерін өз болашағына пайдаланып келеді. 7 мыңнан аса оқытушы да бұл үдеріске белсенді қосылып, жаңа буынды білім берудің мүлде жаңа деңгейіне жетелеуде. Ал жасанды интеллект негізінде әзірленген 137 агент – еліміздің технологиялық әлеуетін айшықтайтын нақты жетістік.

Бүгінде біз цифрлық білім беруде тек ілесуші емес, бағыт көрсетуші елге айналып келеміз. Осы жүйелі жұмыстың арқасында Қазақстан Coursera халықаралық сыйлығының финалисі болды. Бұл тек марапат емес, ұлттың білімге деген жаңа көзқарасының, жаңашыл рухының мойындалуы.

Төртіншіден, еліміздің жоғары оқу орындары заман талабына сай жаңарып, білім беру мазмұнын түбегейлі жаңғырту жолына түсті. Қазіргі таңда 95 университет оқу бағдарламаларын жаңа технологиялармен ұштастырып, білім мен инновацияны біріктірген жаңа бағыттарға бет бұруда. Сонымен қатар, 30 жоғары оқу орнында жасанды интеллект саласы бойынша 38 жаңа бағдарлама ашылып, болашақ мамандарды заманауи ғылым мен технологияның тілін терең меңгеруге жетелеп отыр. Бұл – елдің ертеңіне сенімді салынған іргетас.

Студенттердің өмір сапасын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ: биыл 4 жаңа жатақхана ашылып, 3 180 орын берілді. Жыл соңына дейін тағы 25 жатақханаға 7 мың орын қосылмақ.

Бесіншіден, ғылымда жаңа дәуір басталды. Мемлекет басшысы ғылымды экономиканың қозғаушы күші ретінде қарастырып, оны инновациямен тығыз ұштастыруды тапсырды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап өңірлік ғылымның рөлі артты – жергілікті атқарушы органдар өз аймақтарының ғылыми-технологиялық әлеуетін дамыту механизмдерін жүзеге асырады. Бұл ғылымды аймақтардың әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің маңызды құралына айналдырады.

Алтыншыдан, еліміздің ғылыми әлеуеті 25,5 мың ғалыммен толығып отыр, олардың жартысына жуығы – 40 жасқа дейінгі зерттеушілер. Бұл жас буын – еліміздің интеллектуалдық болашағының кепілі. Ел көлемінде 425 ғылыми ұйым жұмыс істейді, ал гранттық конкурстар арқылы 2 мыңнан астам жас ғалым өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алды. Қазір олардың бастамалары 835 жобада жүзеге асып, отандық ғылымды дамытып келеді. Жас толқынның келуі еліміздің ғылыми кеңістігін жаңартып, әлемдік білім мен технология сахнасындағы орнымызды бекітуге септігін тигізуде.

Жетіншіден, жас ғалымдардың өмір сапасы мен әлеуметтік әл-ауқаты Мемлекет басшысының ерекше назарында. Ғылым идея мен ізденістен ғана тұрмайды, сонымен бірге тұрақты қолдауды қажет етеді. Биыл жас ғалымдарға 563 пәтердің кілті табысталды, оның 482-сі Министрлік пен «Отбасы банк» бағдарламасы аясында берілді, 78 пәтер өтеусіз негізде ұсынылды. Мұндай қамқорлық жас ғалымдардың жігерін арттырып, еліміздің ғылыми әлеуетінің нығаюына ықпал етеді.

Сонымен қатар бүгін Президент Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы 2025 жылғы мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл маңызды шешім – еліміздің ғылым мен білім саласына қосқан елеулі үлесті жоғары деңгейде бағалаудың айқын көрінісі.

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар ғалымдар мен ғылым қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болып отыр. Президенттің қолынан ресми түрде мемлекеттік наградалар алғандардың қатарында ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Экономика институтының бас ғылыми қызметкері Оразалы Сәбден, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-зерттеушісі Есен Бидайбеков, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің бірінші проректоры Самғат Ермекбаев марапатталды. Осылайша, ұлттық мереке қарсаңында отандық ғылымның дамуына серпін беріп жүрген көрнекті тұлғалардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың жетістігі жас буынға өнеге, ел абыройының айғағына айналды.

 

Құрметті әріптестер!

Бұл жетістіктер – тәуелсіздіктің табанды еңбегі мен елдік рухының жемісі. Республика күні – өткенді еске салып, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Баршаңызға шабыт, жаңа идеялар мен жеңістер тілеймін! Еліміз аман, ғылымымыз өркендесін!