Жас мамандарды даярлау: Шымкентте форсайт-сессия басталды

Жас мамандарды даярлау: Шымкентте форсайт-сессия басталды

Жас мамандарды даярлау: Шымкентте форсайт-сессия басталды

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мамандығым – болашағым» республикалық жобасы аясында екі күндік маңызды форсайт-сессия өз жұмысын бастады. Бұл іс-шара өңірлердегі салалардың даму тенденцияларын анықтауға, алдағы жылдары нарыққа қажетті мамандар мен дағдыларға сұранысты болжауға, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңарту мәселелерін қарастыруға арналған.

Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауымен басталды. Өз құттықтау сөзінде ол форсайт-сессияның болашақ жас мамандарды даярлаудағы маңыздылығын атап өтіп, мұндай бастамалар жастарға еңбек нарығындағы үрдістерді терең түсінуге және сұранысқа ие кәсіби бағыттарды айқындауға мүмкіндік беретінін айтты. Сөз соңында барлық қатысушыларға сәттілік пен нәтижелі жұмыс тіледі.

Өз кезегінде М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма Төрағасы-ректоры Дархан Ахмед-Заки құттықтау сөз сөйлеп, сапалы кадр және білікті маман даярлаудың университеттің басты мақсаты екенін жеткізді. Ректор ортақ мақсаттарға жету үшін бірігіп әрекет етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сәкенов қатысушыларға сәттілік тілей отырып, сессия нәтижесінде Шымкент қаласына арналған жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын әзірлеу жоспарда екенін айтты.

Форсайт-сессияға салалық сарапшылар, білім басқармасы өкілдері, жұмыс берушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары қатысты. Қатысушылар іс-шараның екінші бөлігінде жұмыс топтарына бөлініп, өңірлік экономиканың даму перспективаларын саралап, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша ұсыныстар дайындайды.

Сессияның екінші күні талдаулар мен баяндамалардың нәтижесінде жаңа кәсіптер, өзгертілетін (трансформацияланатын) кәсіптер, жойылып бара жатқан кәсіптер, сондай-ақ аса тапшы кәсіптер анықталады деп жоспарланған. Бұл талдау нәтижелері алдағы уақытта білім беру ұйымдары үшін өзекті бағдар болмақ. Атап айтқанда, бұл бастама жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай икемдеуге, болашақта қажет болатын кәсіби мамандарды сапалы дайындауға мүмкіндік береді.

Аталмыш іс-шара ҚР Үкіметінің 2029 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасы кешенді жоспары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы» және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.