Бүгін Ұлттық тестілеу орталығы «Білім беру саласындағы білімді бағалаудың өзекті мәселелері: заманауи әдістер мен интеллектуалды шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп жатыр.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің басшылығы, «Educational Testing Service» (АҚШ), «AQA» (Ұлыбритания) сынды тестология саласындағы әлемнің жетекші компанияларының басшылары мен өкілдері, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан елдерінің емтихан орталықтарының өкілдері, сондай-ақ бағалау технологиялары мен педагогикалық өлшемдер саласындағы отандық ғалымдар мен мамандар қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияның маңыздылығын ескере отырып, оның білім сапасын бағалау саласындағы идеялар мен тәжірибе алмасуға, ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды алаң екенін атап өтті.
«Бүгінде біз білім сапасын бағалау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді халықаралық деңгейде мойындалатын емтиханға айналдыру міндетін қойып отырмыз. Осы бағытта ETS ұйымымен бірлесіп, жасанды интеллект, бейімделген тестілеу және құзыреттерді халықаралық бағалау стандарттарын енгізу арқылы ҰБТ-ны жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл қадам ҰБТ сапасын арттырып, оны әлемдік тәжірибелерге сай стандартталған қабылдау емтиханы ретінде мойындалуына мүмкіндік береді. Болашақта ҰБТ нәтижелері қазақстандық жоғары оқу орындарына ғана емес, елімізде ашылған шетелдік университеттердің филиалдарына түсу кезінде де қолданылатын болады. Бұл өзгерістер бағалау жүйесіне деген сенімді нығайтып, түлектерімізге жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз», – деді министр.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов орталықтың негізгі функциялары мен қызмет бағыттары туралы баяндады.
«Ұлттық тестілеу орталығы өткен жылдан бастап шетелдік серіктестері – ETS, AQA және Жоғары экономика мектебімен бірлесіп, заманауи әдістерді қолдана отырып, тест тапсырмаларының сапасын арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл тест материалдарының жоғары сенімділігі мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Dashboard және EduNavigator.kz платформалары тестілеу нәтижесін талдауға және білім алушыларға кәсіптік бағытты таңдауға көмек береді», – деді Болатбек Серікбайұлы.
Конференцияның мақсаты – білімді бағалау саласындағы жетекші халықаралық сарапшыларды біріктіріп, озық идеялармен, тәжірибелермен және жетістіктермен алмасу. Іс-шара аясында білім сапасын арттыру, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды бағалау жүйесіне енгізу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Секциялық отырыстар барысында отандық және шетелдік жетекші мамандар өздерінің баяндамалары мен тәжірибелік кейстерін ұсынды. Қатысушылар білім сапасын бағалаудағы өзекті мәселелер мен даму болашағын талқылап, инновациялық тәсілдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті және білім сапасын жетілдірудің басым бағыттарын айқындады.