Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты.
Отырыс барысында депутаттар «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларын қарастырды.
Министр депутаттардың жоғары білім мен ғылымды қаржыландыру тиімділігін арттыру, сондай-ақ бұл саладағы нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізуге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Өз сөзінде Саясат Нұрбек соңғы жылдары отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінде бірқатар ауқымды бастамалар жүзеге асқанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға және ұлттық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды реформалар енгізіліп жатыр.
Министрлік құрылған уақыттан бері Мемлекет басшысы ғылым саласының экономикалық тиімділігін арттырып, оны елдің инновациялық дамуымен тығыз байланыстыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындады. Бұл бағыттағы жұмыстар ғылым нәтижелерін өндіріске енгізу, инновациялық жобаларды қолдау және ғылыми зерттеулердің нақты экономикалық пайда әкелуін қамтамасыз етуге бағытталған. Биылдан бастап өңірлік ғылымның рөлі күшейтілді – 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдарға ғылыми-технологиялық саясатты іске асыру өкілеттігі берілді. Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау мен олардың ғылыми қызметке тартылуына айрықша назар аударылып келеді.
Жоғары білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселесі де ерекше маңызға ие. 2029 жылға дейінгі жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік тапсырыс аясында жыл сайын 10 мың орындық жатақхана салу жоспарланған. Биыл 3 180 орынға арналған 4 жатақхана пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 7 мың орындық тағы 25 жатақхана ашу көзделіп отыр.
Жаңа жатақханалар заманауи стандарттар мен студенттердің қажеттіліктерін ескере отырып салынады. Олар заманауи дизайнмен, «жасыл кампус» тұжырымдамасымен және халықаралық деңгейдегі студенттік резиденцияларға сай форматтармен жобаланған. Мұндай жаңа үлгідегі жатақханалар қазірдің өзінде Астана, Алматы қалаларында және еліміздің өзге өңірлерінде жұмыс істеп тұр. Олар студенттердің жайлы тұруы мен оқуына қолайлы жағдай жасайды.
Сондай-ақ ғылым мен жоғары білімнің тұрақты дамуы елдің экономикалық өркендеуінің және технологиялық егемендігінің негізгі факторы екені атап өтілді. Министрлік ғылыми әлеуетті нығайтуға, кадрлар даярлау сапасын арттыруға және жастардың зияткерлік әлеуетін ашуға бағытталған жүйелі реформаларды жалғастырады.
Пленарлық отырыстан кейін министр бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.