Инженерлік серпіліс: бие және түйе сүтін өңдеуге арналған отандық вакуум-сублимациялық қондырғы таныстырылды

Инженерлік серпіліс: бие және түйе сүтін өңдеуге арналған отандық вакуум-сублимациялық қондырғы таныстырылды

Инженерлік серпіліс: бие және түйе сүтін өңдеуге арналған отандық вакуум-сублимациялық қондырғы таныстырылды

Академик У.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында FD-4.1 вакуум-сублимациялық кептіру кешенінің тәжірибелік үлгісі көрсетілді. Бұл үлгі BR21881957 «Бие және түйе сүтін терең өңдеудің технологиясы мен вакуум-сублимациялық кептіру жабдығын әзірлеу» атты ғылыми жоба аясында әзірленді.

Тәжірибелік үлгі академик У.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының қызметкерлерімен, сондай-ақ Халықаралық инженерлік-технологиялық университетімен және «Қазақ-неміс ғылыми-зерттеу институты Qymyz» ЖШС-мен бірлесіп жасалды.

FD-4.1 қондырғысының жасалуы – отандық машина жасау мен тағам инженериясын дамытудағы маңызды қадам. Бұл жұмыс Институттың қолданбалы механика мен инновациялық технологиялар саласындағы жетекші ғылыми орталық ретіндегі жоғары әлеуетін тағы да дәлелдеді.

Іс-шараға ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик А.К.Түлешов, академик У.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының бас директоры Заир Уәлиев, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеттің ректоры, техника ғылымдарының кандидаты Дархан Ақпанбетов, Қазақстандағы тамақ өнеркәсібі жабдықтарының ірі өндірушілерінің бірі «PROSNAB Service» ЖШС өкілдері және «Агроинженерияның ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС өкілдері, технологияны іс жүзінде сынау және тәжірибе алмасу жұмыстарына қатысты.

Академик А.К.Түлешов жоба жұмысының жоғары ғылыми-техникалық деңгейін және оның отандық инженерлік ғылымды дамытудағы маңызды үлесін атап өтті:

«Бұл жұмыс жоғары ғылыми және техникалық деңгейде орындалған, ғылыми әрі әлеуметтік маңызы зор. Ғалымдар жаңа технологиялық шешімдер ұсынды – бұл еліміз үшін нақты экономикалық нәтиже беретін көпсалалы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі».

Сонымен қатар академик жоба ғылым, білім және өндіріс арасындағы тиімді синергияның үлгісі екенін және ол инженерлік пен агроөнеркәсіптік салалардағы ұқсас бастамалар үшін үлгі бола алатынын айтты.

Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыт – еліміздегі қолданбалы ғылыми зерттеулерді ынталандыру және инженерлік саладағы инновациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.