ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ТІКЕЛЕЙ ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ БАЙЛАНЫСЫН ҚҰРУДА: KMG PETROCHEM ЖӘНЕ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ТІКЕЛЕЙ ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ БАЙЛАНЫСЫН ҚҰРУДА: KMG PETROCHEM ЖӘНЕ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ТІКЕЛЕЙ ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТІҢ БАЙЛАНЫСЫН ҚҰРУДА: KMG PETROCHEM ЖӘНЕ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ

Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауында KMG PetroChem (АО «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 100% еншілес ұйымы) мен CNPC компаниясы арасында Ақтөбе облысында карбамид өндіретін газ-химия кешенін салу туралы, құны бір миллиард АҚШ долларынан асатын келісім ерекше атап өтілді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы KMG PetroChem компаниясымен бірлесіп, карбамидті әртүрлі агроклиматтық аймақтарда қолдануға қатысты кешенді өндірістік сынақтар мен ғылыми зерттеулер жобасын алғаш рет іске қосты. Аталған жоба аясында 2025 жылғы 20 қазанда «Ғылым академиясы және бизнес: инновациялық даму жолы» тақырыбында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың салтанатты рәсімі және ғылыми-өндірістік кеңес өткізілді.

Бұл іс-шара ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығының, сондай-ақ бизнестің ғылыми зерттеулерге инвестиция салуы арқылы олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізудің нақты үлгісі болды. Талқылаулар барысында карбамидті қолдану тәжірибесі қарастырылып, отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту перспективалары бағаланды, сондай-ақ мұнай-газ химиясы мен аграрлық сектордың өзара ықпалдастығы арқылы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалды. Осындай өзара іс-қимыл тетігі ғылым мен өндірістің тұрақты серіктестік моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл модельде мұнай-газ химиясы мен агроөнеркәсіп кешені азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсатында біртұтас синергияда әрекет етеді.

Іс-шара барысында келесі мәселелер талқыланды:

- отандық тыңайтқыш өндірісін дамыту және тұрақты шикізат базасын қалыптастыру;

- тыңайтқышты еліміздің әртүрлі өңірлерінде тиімді қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеу;

- импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі нарықты отандық карбамидпен қамтамасыз ету;

- карбамидті өндірістік сынақтардың нәтижелері мен олардың ғылыми бағамы;

- ғылыми әзірлемелерді ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тәжірибесіне енгізу.

Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев А.К. атап өтті:

«Нарық конъюнктурасының жылдам өзгеріп отырған жағдайында қазақстандық бизнес үшін бағыт-бағдар табу барған сайын қиындай түсуде, әсіресе климат, шикізаттың әлемдік бағалары мен логистикалық шектеулер сияқты сыртқы факторларға айтарлықтай тәуелді ауыл шаруашылығы саласында. Мұндай жағдайда интуицияға ғана сүйенген инвестициялар көбіне негізсіз әрі шығынды болып жатады. Сондықтан ғылыми верификацияны басты шарт ретінде айқындайтын жаңа басқарушылық парадигма қажет: алдымен – стандартталған зерттеулер мен сынақтар, содан кейін – индустриялық деңгейге дейін кеңейту. Дәл осылай әлемнің жетекші аграрлық экономикалары жұмыс істейді.

Бұл үдерістегі Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының рөлі – жүйелі сипатта. Академия сыртқы кеңесші емес, ғылыми-индустриялық үлгінің сәулетшісі ретінде әрекет етеді. Капиталды көп қажет ететін жобаларды бастамас бұрын бизнес өз шешімдерін жүйелі ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік апробациялардың нәтижелеріне негіздеуі тиіс. Тек тәжірибе жүзінде дәлелденген деректер, экономикалық есептер мен болжау модельдері ғана стратегиялық инвестицияларды негіздеудің сенімді тірегі бола алады. Ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығы технологиялық және нарықтық тәуекелдерді барынша азайтып, тұрақты табыстылықты қамтамасыз етеді және Қазақстан экономикасына ғылым мен бизнестің қосатын үлесін арттыра түседі».

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен «KMG PetroChem» ЖШС арасындағы отандық карбамид өндірісін іске қосу жобасы шеңберіндегі ынтымақтастық – жаңа ғылыми-индустриялық үлгінің қалыптасуының айқын мысалы болып табылады. Академияның бұл үдерістегі рөлі жүйеқұраушы сипатқа ие: ол тек кеңесші ретінде емес, ғылым мен бизнестің өзара байланысы мен тиімді іс-қимылының стратегиялық тұрғыдан негізделген моделін құрастыратын сәулетші ретінде әрекет етеді.

Бүгінгі таңда Академия негізгі аграрлық аймақтарда сынақтарды үйлестіруде. Атап айтқанда, бұл жұмыстар А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (Ақмола облысы), Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (Алматы облысы), Қарабалық тәжірибе станциясының (Қостанай облысы) және «Наурыз» шаруашылығының (Ақтөбе облысы) базаларында жүргізілуде. Біртұтас әдістемелік негізде бақылау және тәжірибе нәтижелері, енгізу мөлшері мен мерзімдері, қолдану тәсілдері (негізгі және үстеп қоректендіру) салыстырылады, сондай-ақ топырақтың ылғал қоры мен жай-күйі ескеріледі. Сонымен қатар шаруашылық деңгейінде экономикалық есептеулер жүргізілуде: өнімділіктің өсу құны, өзін-өзі ақтау шегі анықталады. Зерттеулердің қорытындысы ретінде әр аймақ пен дақыл түріне арналған нақты ұсыныстар мен ашық регламенттер әзірленеді – яғни «не істеу керек, қашан және не үшін» деген сұрақтарға жауап беретін практикалық нұсқаулықтар қалыптастырылады.

Мұндай ғылыми-өндірістік ынтымақтастық барлық тараптар үшін өзара тиімді нәтижелер береді: ғылым – іргелі зерттеулердің нәтижелерін қолданбалы технологияларға айналдырып, елдің инновациялық және индустриялық дамуына қосатын үлесін арттырады; бизнес – тәуекелдерді азайтып, тиімділікті арттыруға мүмкіндік беретін ғылыми негізделген шешімдер мен ауқымдауға арналған «жол карталарын» алады; мемлекет – қосылған құнның өсуіне, импортқа тәуелділіктің төмендеуіне және азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына қол жеткізеді; ал аграршылар – өнімділікті арттыратын отандық тыңайтқыштар мен технологияларға қол жеткізеді. Жалпы алғанда, бұл өзара іс-қимыл ғылым мен өндірістің жаңа деңгейдегі интеграциясын қалыптастырып, Қазақстанның инновациялық-индустриялық дамуының берік іргетасын қалайды».

Өз баяндамасында «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасы Д.М.Диянов:

«Қазақстанның аграрлық саласы үшін карбамид – жай ғана тыңайтқыш емес, ол өнімділікті арттырудың, жер ресурстарын тиімді пайдаланудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады. Елде ауыл шаруашылығы әлеуеті зор болғанымен, минералдық тыңайтқыштарды қолдану деңгейі әлі де өте төмен. Қыркүйек айының басында ШЫҰ аясында CNPC компаниясымен карбамид өндіретін зауыт салу жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды – бұл жоба жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайтын маңызды қадам. Жылына 800 мың тоннаға дейін тыңайтқыш өндіру қуатына ие зауытты іске асыру фермерлерді қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтады және бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсуіне берік негіз қалайды», – деп атап өтті.

Отырыс жұмысына мұнай-газ және аграрлық бизнес өкілдері, отандық және халықаралық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттары мен жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен «KMG PetroChem» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын институционалдық тұрғыда нығайтудың және интеграциялық жобаларды дамытуға ұзақ мерзімді негіз қалау жолындағы маңызды қадам болып табылады.