Алматы қаласында инклюзивті білім берудің бірінші Дүниежүзілік конгресі өтті.
Конгресс аясында ерекше білім беруді қажет ететін балалардың өмірі мен дамуының барлық қырларын қамтитын 15 өзекті тақырып бойынша 23 панельдік сессия өткізілді. Сессия педагогикалық жоғары оқу орындарының базасында да өтті.
Іс-шараға әлемнің 40 елінен 3 000-нан астам қатысушы, оның ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, педагогтер, мамандар, ата-аналар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибелерімен әртүрлі елдер мен өңірлерден келген 200-ге жуық спикер бөлісті.
Сөз сөйлеушілердің қатарында «UNOWA» компаниясының басшысы Михаил Калиткин болды. Өз сөзінде Дүниежүзілік Банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы шеңберінде арнайы педагогика бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ЖОО-ның профессорлық-оқытушылар құрамын, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының педагогтерін АBA мінез-құлқын қолданбалы талдауға және аутизмді ерте диагностикалау ADOS-2 әдістемесіне оқыту жүргізгені туралы айтты. Сонымен қатар жобаның тұрақтылығы мақсатында компания студенттердің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың практикалық дағдыларын игеруі үшін инклюзияны қолдау кабинеттерін арнайы интерактивті құралдармен және дидактикалық материалдармен жабдықтады.
«UNOWA» компаниясының басшысы Мальта білім министрлігімен келіссөздер барысында Дүниежүзілік банк өкілдері жобаны іске асыруға жоғары баға беріп, Қазақстанда қол жеткізілген тиімді жұмыс нәтижесі инновациялық технологияларды енгізудің табысты кейсінің жарқын үлгісі болғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Конгресс шеңберінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, AlmaU – Almaty Management University өткізілген халықаралық конференциялар маңызды іс-шаралардың бірі болды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Конгрестің стратегиялық әріптестерінің бірі ретінде болды.
Халықаралық конференция жұмысына әлемнің түрлі елдерінен инклюзивті білім беру саласының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары мен орта білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты.