Білікті кадрларды даярлаудағы жаңа қадам: Астанада Білім беру институты ашылды

Білікті кадрларды даярлаудағы жаңа қадам: Астанада Білім беру институты ашылды

Білікті кадрларды даярлаудағы жаңа қадам: Астанада Білім беру институты ашылды

Бүгін Астана қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Білім беру институты ашылды. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, оқытушы-профессорлар, студенттер қатысты.

Білім беру институтының ашылу рәсімінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі сөз сөйлеп, жаңа білім ордасының маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде институттың ашылуы еліміздегі педагогикалық білім берудің сапасын арттыруға және кәсіби мамандар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Білім беру институтының ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып отыр. Өткен жылы Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ консорциумы негізінде өз жұмысын бастағаны белгілі. Ал биыл институт жеке өз алдына шаңырақ көтеріп отыр. Бұл – педагогикалық бағыттағы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру жолындағы елеулі бастама. Оқытушы-профессорлар құрамына және студенттерге сәттілік тілеймін!» – деді Гүлзат Ізбасарқызы.

Білім беру институтында 9 білім беру бағдарламасы бойынша 400-ден астам студент оқиды. Олардың 288-і мемлекеттік грант негізінде оқыса, 133-і Астана қаласы әкімінің гранты. Білім ошағы қазіргі заманғы озық технологиялармен жабдықталған. Оқу бағыттары арасында ақпараттық, математика, жаратылыстану, психология және аса сұранысқа ие арнайы педагогикалық мамандықтар: дефектология, логопедия, тифлопедагогика, сурдопедагогика, т.б. бар. Оқытушы-профессорлар құрамында 3 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты және 2 PhD дәрежесіне ие ғалым, жалпы саны 31 тәжірибелі маман қызмет атқарады.

«Жаңа институт қабырғасында білім алып жатқан талантты да мақсатты студенттерімізбен мақтанамыз. Олар болашақта ұлттық білім беру жүйесінің тірегіне айналатынына сенімдімін. Біздің ортақ міндетіміз – ел дамуына нақты үлес қоса алатын, бәсекеге қабілетті әрі жауапкершілігі жоғары педагогтар буынын қалыптастыру. Институт түлектері Қазақстанды білім беру саласында лайықты деңгейде танытады деп сенемін», – деді ҚазҰПУ ректоры.

Қазірде Абай атындағы ҚазҰПУ мен Астана қаласы әкімдігі өзара тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Екіжақты қол қойылған меморандумға сәйкес университет студенттері жыл сайын Астана мектептерінде тәжірибеден өтеді. Былтыр 200-ден астам шәкірт теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды.