Бүгін, 17 қазанда, Ualikhanov University алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ақмола облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу ғылым және жоғары білім саласын дамыту мәселелеріне арналды.
Іс-шараға өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінің өкілдері, жастар ұйымдары және қоғам белсенділері қатысты. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар жоғары білім беру бағдарламаларын жетілдіру, студенттер мен оқытушылардың ғылыми белсенділігін арттыру, сондай-ақ жоғары білім сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Вице-министр өз сөзінде Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында білім және ғылым саласында атқарылып жатқан негізгі бағыттар туралы айтты. Ол жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу және «Келешек» жинақтау қоры туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарды жан-жақты қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында шетелдік ЖОО филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – отандық жоғары білім беру жүйесін дамыту, білім трансфері және үздік халықаралық тәжірибелер арқылы оның сапасын арттыру, сондай-ақ шетелдік студенттердің үлесін ұлғайтуға бағытталған. Барлығы 40 стратегиялық әріптестік бар, оның ішінде 33-і әртүрлі тәсілдерді қолдана отырып жұмыс істейді», – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр филиалдарды ашу өңірлік қағидатты ескере отырып және негізінен техникалық кадрлар даярлау бағыттары бойынша жүзеге асырылатынына тоқталды. Бүгінгі таңда 19 өңірде облыс әкімдігінің қаулысымен ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы функциялары бар тиісті жергілікті атқарушы орган басқармалары туралы ережелер бекітілді.
«Жергілікті атқарушы органдардың ғылыми қоғамдастықпен, өнеркәсіппен және бизнеспен өзара іс-қимылы арқылы өңірлердің өзекті проблемаларын шешу үшін 20 облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің жанында Ғылым жөніндегі кеңестер жұмыс істейді», – деді Талғат Ілиясұлы.
Кездесуді қорытындылай келе, вице-министр өңірлік білім беру ұйымдары мен министрлік арасындағы өзара байланысты нығайту қажеттілігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.