Кадрлық әлеуетті дамыту: Алматыда халықаралық авиадиспетчерлер байқауы өтіп жатыр

Кадрлық әлеуетті дамыту: Алматыда халықаралық авиадиспетчерлер байқауы өтіп жатыр

Кадрлық әлеуетті дамыту: Алматыда халықаралық авиадиспетчерлер байқауы өтіп жатыр

Алматыда Азаматтық авиация академиясы мен «Қазаэронавигация» РМК бірлесіп ұйымдастыруымен әуе қозғалысын басқару диспетчерлерінің кәсіби шеберлігі бойынша халықаралық байқау өтіп жатыр. Байқауға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген авиация ұйымдарының өкілдері қатысты.

Ауқымды байқау соңғы жеті жылда алғаш рет өткізіліп отыр – алдыңғысы 2018 жылғы наурызда Санкт-Петербург қаласында өткен. Биылғы шара бүкіл Еуразия аймағындағы авиация саласы үшін маңызды оқиғаға айналып, аэронавигация саласындағы мамандар мен сарапшыларды бір кәсіби алаңда тоғыстырды.

Қазақстан құрамасының өкілі Тимур Наврузов навигация саласының қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Қатысушылардың презентациялары бүгінгі күні жасанды интеллектіні енгізу, ұшқышсыз ұшу аппараттарының дамуы, әуе кеңістігінің құрылымын жетілдіру және басқа да маңызды бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетті. Оның айтуынша, бұл – үздіксіз жүріп жатқан үдеріс, ал мұндай байқауларға қатысу болашақ кәсіби қызметте пайдалы болатын дағдыларды дамытуға көмектеседі.

Академия өкілдерінің айтуынша, бұл тек жарыс қана емес, сонымен қатар кадрлық әлеуетті дамыту мен қатысушы елдер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам. Ол мамандарды даярлаудың жоғары стандарттарын көрсетіп, Қазақстанның Еуразия аймағындағы азаматтық авиация саласындағы жетекші ел ретіндегі беделінің артып келе жатқанын дәлелдейді.

Байқау төрт кезеңнен тұрады. Бірінші күні командалар әуе қозғалысын ұйымдастыру саласындағы өзекті тақырыптарға арналған жобаларын ұсынды. Екінші кезеңде теориялық білім деңгейі тексерілді. Үшінші кезеңде практикалық тапсырмалар орындалды. Төртінші турда қатысушылардың стресске төзімділігі мен стандарттан тыс жағдайда жедел шешім қабылдау қабілеті бағаланады.

Айта кету керек, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы –  байқаудың тең ұйымдастырушысы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі авиация саласына мамандар, соның ішінде авиадиспетчерлерді дайындайтын жетекші оқу орындарының бірі. Академияның оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға сай келіп, заманауи әуе қозғалысы жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған.