13-14 қазан күндері Корея Республикасының астанасында жоғары білім беру саласындағы көшбасшылардың жаһандық желісі – Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (International Association of University Presidents, IAUP) 60 жылдығына арналған мерейтойлық конференциясы өтті. Ұйым әлемнің түкпір-түкпіріндегі университет басшыларын біріктіріп, көшбасшылықты дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуға және стратегиялық идеяларды ілгерілетуге бағытталған. Іс-шараны Seoul Cyber University (Корея Республикасы) ұйымдастырды.
Конференцияның негізгі спикері ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болды. Ол «AI-ready nation: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, өз сөзінде Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесін белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, елімізде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне, экономикаға және мемлекеттік басқаруға интеграциялауға бағытталған саясат пен инфрақұрылым қалыптасып келеді.
«Жаңа оқу жылының басынан бастап бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарында OpenAI компаниясының ChatGPT Edu білім беру моделін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізуге және білім сапасын арттыруға бағытталған. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен серіктестікте ChatGPT платформасының мемлекеттік тілдегі функционалын жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, Қазақстанның тарихи мұрасы мен мәдениетіне қатысты жауаптардың нақтылығы мен шынайылығын арттыруға ерекше назар аударылып отыр», – деп атап өтті министр.
Almaty Management University (AlmaU) ректоры Асылбек Қожахметов «Зерттеулер мен тұрақты қаржыландыру арқылы инновацияларды дамыту» атты сессияда баяндама жасады.
«Бүгінде Қазақстан заманауи экономиканы бірізді түрде қалыптастырып келеді – бұл уақытша үрдіс емес, саналы және стратегиялық қажеттілік. Соңғы алты жылда елімізде ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі алты есе артты, бұл өз нәтижесін беріп отыр. AlmaU университетінде жүргізіліп жатқан зерттеулер ғылымға салынған инвестициялар көлемі мен отандық ғалымдардың жарияланымдық белсенділігінің артуы арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдейді», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар конференция аясында AlmaU бірқатар шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, Seoul Cyber University (Корея Республикасы), Youngsan University (Корея Республикасы) және Daffodil International University (Бангладеш) келісім жасалды. Бұл келісімдер академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық білім беру технологияларын енгізуге бағытталған. Бұдан бөлек, IAUP өңірлік конференциясы 2026 жылғы 11-12 маусымда Алматы қаласында өтеді, ал іс-шараның ұйымдастырушысы – AlmaU болады.
Конференцияға ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов және Азаматтық авиация академиясы, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Қонаев университеті, Семей медицина университеті, Almaty Management University (AlmaU) сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
IAUP конференциясына Қазақстан делегациясының қатысуы еліміздің зияткерлік және инновациялық әлеуетін айқын көрсетіп, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық жоғары білім беру жүйесін дамытуға, академиялық көшбасшылық, тұрақты даму және халықаралық әріптестік қағидаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосуға деген ұмтылысын растайды.