Брифинг: «AI-Sana» бағдарламасының іске асырылуы және жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау

Брифинг: «AI-Sana» бағдарламасының іске асырылуы және жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау

Брифинг: «AI-Sana» бағдарламасының іске асырылуы және жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау

Бүгін, 14 қазанда, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «AI-Sana» бағдарламасының іске асырылуы тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. БАҚ өкілдерімен кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің басқарма басшысы Рысгуль Кудретуллаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова қатысты.

Брифинг барысында вице-министр жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кешенді енгізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған «AI-Sana» бағдарламасын іске асырудың аралық нәтижелері мен алдағы қадамдарын таныстырды.

Динара Ринатқызының айтуынша, бағдарлама жаппай оқыту, білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқытушылардың біліктілігін арттыру және жоғары оқу орындарында интеллектуалды шешімдерді енгізу бағыттарын қамтиды. Бағдарламаның бірінші кезеңі аясында 544 мың студент Huawei, Coursera, Astana Hub платформаларында және университеттер базасында жасанды интеллект және оны басқару бойынша курстардан өтіп, сертификатталды.

Қазіргі таңда 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 38 білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылдан бастап жасанды интеллектіні қолдану дағдылары барлық білім беру бағдарламаларына енгізілді, 95 университет бұл пәндерді оқу жоспарларына қосқан.

«Бүгінгі таңда жасанды интеллект саласында кадр даярлау шетелдің жетекші университеттерімен бірлесіп жүзеге асырылады. Мысалы, Қазақстандағы Cardiff университетінде жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Satbayev University City University of Hong Kong-пен, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Лу Бань шеберханасының базасында бірлескен жобаларды іске асырып отыр. Осындай тәжірибе Astana IT University мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде де дамып келеді», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, оқытушылардың біліктілігін арттыру да белсенді жүргізіліп жатыр: профессорлық-оқытушылар құрамының 54 пайызы жасанды интеллект бойынша курстардан өтті. Сонымен қатар университеттік инфрақұрылым деңгейінде де ЖИ технологиялары енгізіліп жатыр: 80 жоғары оқу орнында 137 AI-агент жұмыс істеп тұр, сондай-ақ 363 әзірлену үстінде (олардың қатарында AI-қабылдау комиссиясы, AI-Check, AI-прокторинг, AI-лектор, AI-кітапхана, AI-психолог және басқалар бар). Ғылыми зерттеулер мен кадр даярлауды қолдау мақсатында жоғары оқу орындарында ғылым, білім және инновацияны біріктіретін арнайы орталықтар мен зертханалар құрылып жатыр.

Комитеттің басқарма басшысы Рысгуль Кудретуллаева елімізде жасанды интеллект саласы бойынша кадр даярлау қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы білім беру бағдарламалары ұлттық компаниялар мен жетекші кәсіпорындармен бірлесіп әзірленген.

«Бүгінде жоғары оқу орындары «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект және блокчейн инженериясы», «Медицинадағы жасанды интеллект» сияқты білім беру бағдарламаларын іске асырып жатыр. Бағдарлама түлектері Python тілінде бағдарламалау, TensorFlow, Keras, PyTorch кітапханаларымен жұмыс істеу, деректерді талдау және визуализация (Pandas, NumPy, Matplotlib, Seaborn), табиғи тілді өңдеу (NLP), үлкен деректер мен дерекқорлармен (SQL, NoSQL) жұмыс істеу, интеграция сияқты маңызды дағдыларды меңгереді», – деді спикер.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер мен оқытушылардың цифрлық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллектті қолдануға негізделген практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталған «AI-Sana» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.

«AI-Sana» бағдарламасы оқу, ғылым және инновацияны біріктіретін экожүйеге айналды. Ол тек жасанды интеллект құзыреттерін қалыптастырып қана қоймай, университеттің практикалық міндеттерін шешуге арналған нақты AI-өнімдерді де әзірлеп жатыр», – деп атап өтті ЕҰУ цифрландыру жөніндегі проректоры.