Торайғыров университетінің алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглованың ғылым мен жоғары білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған Павлодар облысы тұрғындарымен кездесуі өтті.
Вице-министр жоғары оқу орнының мамандар даярлау, ғылыми қызметті дамыту және зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бағытындағы жұмыстарымен танысты. Торайғыров университетінің студенттері мен оқытушылары жасанды интеллектке негізделген әзірлемелерін ұсынды. Олардың қатарында құжаттардың мониторингіне арналған ЖИ агенті және талапкерлер үшін қабылдау процесін оңтайландыратын ToU Document жүйесі болды.
Сондай-ақ Динара Ринатқызы оқу орнының бірнеше ғылыми зертханаларын аралады, ғылыми мақалаларды талдауға арналған AI Scientometer платформасымен, өз бетінше оқуға арналған Tests Platform, Medical Assistance Telegram боты және IT саласындағы мансаптық бағдарлауға арналған интерактивті AI ойынымен танысты. Вице-министрді ToU студенттері әзірлеген ЖИ көмегімен жаңалықтар жасауға арналған Neuro News жобасы ерекше қызықтырды. Бұл жоба қазірдің өзінде Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan бағдарламасының жеңімпазы атанып, дауыс көмекшісі, дыбыстау және дальтонизмге арналған контрастты өзгерту сияқты инклюзивті функцияларды қамтиды.
Тұрғындармен кездесу барысында Динара Ринатқызы Щеглова ғылым мен жоғары білім саласындағы соңғы тенденцияларды талқылап, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізудің маңыздылығын атап өтті. Вице-министр 650 мың студентті жасанды интеллект негіздеріне және жасанды интеллектіні басқару дағдыларына оқыту көзделген ұлттық AI-SANA жобасына да тоқталды.
«Қазіргі таңда 544 мың студент курстардан өтіп, сертификат алды. Олар Huawei, Coursera, Astana Hub және университеттердің жеке бағдарламалары бойынша оқыды. Келесі кезеңдерде жасанды интеллектіні тереңдетіп оқыту, технологиялық кәсіпкерлік, салалық жобалар әзірлеу және стартаптарды акселерациялау жоспарланған. Айта кету керек, бағдарламаның бірінші кезеңінің өзінде студенттер жасанды интеллект негізінде 119 «жасанды интеллект көмекшілерін» әзірледі. Жыл соңына дейін тағы шамамен 400 жаңа ЖИ-агенттер іске қосылады деп күтіледі», – деді ол.
Сондай-ақ Динара Ринатқызы ЖИ саласындағы ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету, жасанды интеллектіні дамыту үшін қазақ тілді деректер жиынтығын (корпусын) құрудың және осы саладағы нормативтік-құқықтық реттеудің маңыздылығын атап өтті. Кездесу ғылым мен жоғары білім саласындағы жаһандық және жергілікті мәселелер бойынша сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Сонымен қатар вице-министр азаматтарды жеке қабылдады.