Алматы қаласында М.Тынышбаев атындағы ALT университеті базасында 17 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Қазақстан жоғары оқу орындарының басшылық құрамы үшін жасанды интеллектіні жоғары білім мен ғылым жүйесінде қолдануға арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылды.
Бағдарлама жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясы мен цифрлық кемелдігін арттыруға қажетті құзыреттерді дамытуға бағытталды. Іс-шараның негізгі спикерлері ретінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен вице-министр Гүлзат Көбенова қатысты.
Өз сөзінде министр жасанды интеллектіні енгізу ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы екенін атап өтіп, ЖИ саласында кадрлар даярлаудың өзектілігіне ерекше тоқталды.
9-10 қазан күндері өткен қорытынды кезеңге еліміздің 40 жоғары оқу орнынан 100-ден астам қатысушы қатысты. Оқыту барысында жоғары оқу орындарының басшылары жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласында қолданудың халықаралық және қазақстандық тәжірибесімен, университеттерді басқаруда ЖИ-ді пайдаланудың практикалық кейстерімен, заманауи цифрлық маркетинг құралдарымен және бизнес-процестерді ЖИ көмегімен оңтайландыру мүмкіндіктерімен танысты.
Спикерлер қатарында жетекші технологиялық компаниялар – Microsoft, Yandex Qazaqstan, сондай-ақ EDUTech Future (Сингапур), UNICEF және цифрлық технологиялар мен білім беру саласындағы сарапшылар болды. Бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектіні енгізу бойынша практикалық use-case жобаларын әзірледі, бұл өз ұйымдарын цифрландыруға арналған нақты шешімдерді ұсынуға мүмкіндік берді.
Бағдарлама тәжірибе алмасу, жоғары оқу орындарының цифрлық даму стратегияларын қалыптастыру және университеттер мен жасанды интеллект саласындағы жетекші сарапшылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.