Қытайдың Шэньян қаласында өткен Пудзянь инновациялық форумы – 2025 аясындағы Ляонин подфорумына Қазақстан делегациясы қатысты. Форумның күн тәртібінде цифрлық трансформация, жасанды интеллект және интеллектуалды өндіріс тақырыптары талқыланды.
Қазақстандық делегация құрамында Ұлттық инженерлік академия, жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері болды. Олар қытайлық әріптестерімен ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй ресми қабылдауында делегацияны жылы қарсы алып, ғылым мен инновациядағы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Ұлттық инженерлік академияның вице-президенті, академик Амандық Төлешов:
«Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынастар университеттер мен ғылыми ұйымдардың ынтымақтастығын жүйелі әрі қарқынды дамытуға жол ашып отыр», – деді.
Ол мысал ретінде Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институты мен Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының робототехникалық жүйелер мен жасанды интеллект әдістерін әзірлеу бойынша бірлескен жобаларын атап өтті.
Подфорумның пленарлық сессиясында қазақстандық делегация Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айқындалған цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту басымдықтарының өзектілігіне тоқталды.
Дөңгелек үстел пікірталасында Рудный индустриалды университетінің ректоры Нұрбек Сапарходжаев Ғылым және жоғары білім министрлігінің AI Sana бастамасы мен университеттерді қолдауға арналған өзге де салалық бағдарламалардың өнеркәсіп үшін қолданбалы шешімдер әзірлей алатын «ЖИ буынын» қалыптастырудағы рөліне басымдық берді.
Форум аясында Қазақстан мен Қытайдың ғылыми-білім беру ұйымдары арасында бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты мен Қытай ғылым академиясының Шэньян автоматтандыру институты (SIA CAS) соңғы үш жылда дамып келе жатқан әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен зерттеулер мен кадрлар даярлау негізінде Алматыда Қазақстан-Қытай робототехника және зияткерлік жүйелер орталығын құрды. Сонымен қатар, делегация SiaSUN компаниясымен келіссөздер жүргізіп, институт базасында құрастыруды жергіліктендіру, сервистік қызмет көрсету және инженерлік орталық ашу жөнінде уағдаласты; бұл жоба Қазақстан мен Орталық Азия нарығына бағытталмақ. Бұған қоса, Рудный индустриалды университеті мен Халықаралық инженерлік-технологиялық университет Шэньяндағы SIA CAS-пен меморандумдарға қол қойып, жасанды интеллект пен робототехника бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, қолданбалы ҒЗТКЖ-ны жүзеге асыру, жас ғалымдар мен студенттердің тағылымдамалары мен академиялық алмасуларын ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық гранттық жобаларға қатысу үшін консорциумдар құруды көздеді.
Қазақстандық делегацияның қатысуы ғылым, білім және өндіріс интеграциясын нығайтып, жаңа технологияларды трансферлеу мен бірлескен әзірлемелерді жүзеге асыруға тың серпін берді. Форум Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, отандық инновациялардың халықаралық экожүйеге тереңірек енуіне мүмкіндік берді.