Esil University-де дәстүрлі «Сейітқасымов оқулары – 2025» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғабдығапар Сейтқасымовтың 85 жылдығына арналды.
Конференция барысында тек теориялық мәселелер ғана емес, ғылыми тәжірибелер мен олардың нақты қолдану жолдарына баса назар аударылды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев, мемлекет және қоғам қайраткері және ҚР Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
Халықаралық блокта шетелдік сарапшылар профессор Станислав Луневский (Польша), профессор Хэ Сяофан (Қытай), профессор Галина Турбан (Беларусь), профессор Го Шухун (Қытай) және доцент Алмазбек Дооранов (Қырғызстан) өз баяндамаларында жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық, инновациялар мен тікелей шетелдік инвестициялардың рөлі, сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайында өңірлік инфрақұрылымдық жобалардың дамуы сияқты өзекті мәселелерді талқылады.
Университет ректоры Аяпберген Таубаев өз сөзінде:
«Бүгінгі конференция ғылым мен тәжірибе бір-бірінен ажырамас ұғымдар екенін айқын көрсетіп отыр. Конференция аясында 250-ден астам ғылыми баяндама ұсынылып, Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген өзекті мәселелер де талқыланды. Ғалымдарымыздың зерттеулері мен жаңа идеялары экономика мен басқару саласында қолданыс табады деп үміттенеміз. Тәжірибелерімен бөлісуге және өзекті мәселелердің шешімін бірлесіп іздеуге дайын қазақстандық және шетелдік әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз», – деді.
Конференцияда ҚР Мәжілісінің депутаты, профессор Берік Бейсенғалиевтің редакциясымен жарық көрген «Основы повышения финансовой грамотности населения» оқу құралы және «Кредитование населения и меры по снижению рисков» монографиясы жаңа ғылыми басылымдарының тұсаукесері өтті.
Пленарлық бөлімнен кейін конференция секциялармен жалғасты. Онда цифрлық білім, салық саясаты, халықаралық ғылымдағы жаңа бағыттар қарастырылды.