Бүгін, 24 қыркүйекте, Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) жаңа Студенттер үйінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара ХБК кампусының аумағында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен ұйымдастырылды.
Жаңа нысан – оқу орнының білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. 339 орынға арналған жатақхана студенттік тұрғын үйдің халықаралық стандарттарына сай жабдықталған, заманауи коворкинг-аймақтарды қамтиды және кампустың бірыңғай басқару жүйесіне интеграцияланған. Бұл жүйеге қол жеткізуді бақылау мен басқару, сондай-ақ қауіпсіздік бойынша ситуациялық орталық кіреді.
Ресми ашылудан кейін ХБК Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов корпорацияның қызметі жөнінде толығырақ тоқталып, негізгі жобалар мен ғылыми әзірлемелер көрсетілген зертханалық базаға экскурсия өткізді.
Жаңа Студенттер үйінің ашылуы – Алматы қаласының Бас жоспарында бекітілген Academic City жобасын іске асырудағы кезекті маңызды қадам. Алдағы екі жыл ішінде кампус аумағында Қазақстандағы ең ірі білім беру кластері бой көтереді. Ол жаңа студенттік және оқытушылар жатақханаларын, коворкингтерді, ғылыми зертханаларды және әлеуметтік инфрақұрылымды қамтиды.