С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Малайзияның ірі жоғары оқу орны Universiti Pendidikan Sultan Idris (UPSI) және бірқатар жетекші мекемелермен ауқымды келісімдерге қол қойды.
Малайзиядағы кездесулерге университет ректоры Мұхтар Төлеген, академиялық құрылым өкілдері, көрнекті ғалымдар, сондай-ақ ҚР Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Сүгірбаев қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай, Amanzholov University студенттердің цифрлық дағдыларын дамыту мақсатында бірегей «AI-SANA» бағдарламасын батыл іске асыруда. Бұл бағдарлама 100 мыңға жуық қатысушыны қамтып, Қазақстанда DeepTech-стартаптарды қалыптастыруға ықпал етпек.
UPSI университетінің ректоры, профессор Dato’ Dr. Md Amin bin Md Taff-пен жасанды интеллектіні білім беру жүйесі мен ғылымға енгізу жөнінде ауқымды келіссөздер жүргізілді. Меморандум аясында жасанды интеллект (AI) халықаралық мектебін ашу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ педагогика, физика, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық шешімдер бағыттары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламалары енгізіледі; академиялық ұтқырлық арқылы студенттер мен оқытушылар тәжірибе алмасады; ядролық физика мен сутегі энергетикасы, инклюзивті білім беру, цифрлық трансформация салаларында бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асады.
Кездесу барысында ШҚУ ректоры Малайзияда Абай мәдени-білім беру орталығын ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл орталық қазақ тілін, мәдениетін, өркениетін және Абайдың философиялық көзқарастарын халықаралық деңгейде танытуға қызмет етпек.
– Алдағы уақытта UPSI университетімен ынтымақтастықтың арқасында С.Аманжолов атындағы университет әлемдік стандарттарға сай дами түседі. Бұл білім сапасының артуына, ғылыми-зерттеу базасының жандануына және университетіміздің халықаралық QS рейтингінде көтерілуіне жол ашады. AI халықаралық мектебін ашу тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл ел үшін жаңа сапалы білімнің бастауы болмақ. Университетіміз жасанды интеллект бағытын күшейтіп, шетелдік мамандарды тарту арқылы жаңа деңгейге шығуға ниетті, – деді ол.
Малайзияның туризмді дамытудағы тәжірибесі де Amanzholov University делегациясының назарынан тыс қалған жоқ. Университет бұл тәжірибені аймақтың бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныстырумен сабақтастырып, туризм саласында мамандар даярлауды жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.