ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында және Дүниежүзілік тазалық күніне орай қалалық сенбілікке қатысты.
Бұл бастама министрлік ұжымының азаматтық белсенділігін және қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілігін көрсетеді. Қызметкерлердің пікірінше, мұндай акциялар тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа қамқор болуды дәріптеуге ықпал етеді.
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деді Президент өз сөзінде.
Іс-шара барысында министрлік өкілдері елордадағы қоғамдық кеңістіктерді тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Бірлескен еңбек қоршаған ортаның тазалығына деген жауапкершіліктің және ауызбіршіліктің айқын көрінісіне айналды.