Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне ҚР Бас прокуратурасының делегациясы келді. Делегацияны Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бастады.
Қонақтар Жұбанов университеті мен Heriot-Watt кампусын аралап, өткен жылы пайдалануға берілген криминалистикалық полигонның жұмысымен танысты. Бұл полигон – студенттердің қылмыстық тергеу дағдыларын шынайы жағдайға жақын ортада меңгеруіне, жаңа әдістер мен технологияларды сынақтан өткізуіне мүмкіндік беретін тәжірибелік алаң. Мұнда қылмыс орнын қараудың барлық кезеңіне арналған заманауи және дәстүрлі құрал-жабдықтар бар. Бүгінде орталық болашақ заңгерлерді даярлайтын батыс өңіріндегі осындай деңгейдегі алғашқы және жалғыз оқу базасы болып отыр.
Кездесу аясында университеттің техникалық факультет кітапханасында «Болашақ прокурор» кеңістігі ашылды. Бұл жерде студенттерге Қазақстанның құқық қорғау органдарының тарихы мен дамуына арналған жетекші ғалымдардың еңбектері мен оқу құралдары қолжетімді. Бас прокуратура осы мақсатта Жұбанов университетіне 200 оқу кітабын сыйға тартты. Құнды құқықтық әдебиеттер қоры заң факультетінің білім алушылары үшін маңызды оқу-әдістемелік базаға айналды.
Айта кетерлігі, бүгінде Жұбанов университетінің 52 түлегі еліміздің прокуратура органдарында еңбек етіп жүр. Сондай-ақ осы саладағы жас мамандардың кәсіби даярлығы бойынша университет республикадағы үздік төрт жоғары оқу орнының қатарына енеді.
Сондай-ақ Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев студенттерге қонақ дәріс оқыды.