NU-да жас ғалымдардың қатысуымен ауқымды ғылыми конференция өтті

NU-да жас ғалымдардың қатысуымен ауқымды ғылыми конференция өтті

NU-да жас ғалымдардың қатысуымен ауқымды ғылыми конференция өтті

Nazarbayev University қабырғасында жыл сайын өтетін Annual Research Conference 2025 ғылыми конференциясы басталды. Бұл шара Қазақстаннан және өзге елдерден келген ғалымдар, зерттеушілер мен студенттерді бір алаңда жинайды. Биылғы «Empowering Innovation: Nurturing Kazakhstan’s Next Gen Researchers» конференциясы жаңа буын зерттеушілерін қалыптастырудағы оқытушылардың қолдауы мен тәжірибе жинаудың маңыздылығына арналған. 

Ашылу салтанатында NU-дың ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі вице-провосты Жұмабай Бәкенов:

«Бүгінгі NUARC 2025 тұрақты даму және инновациялар қағидаттарына адалдығымыздың көрінісі ретінде толықтай цифрлық форматта өтіп жатыр. Биыл біз постерлер мен таратпа қағаздардан бас тартып, конференция бағдарламасын QR-код арқылы онлайн қолжетімді еттік. Постерлік сессиялар цифрлық нұсқада ұсынылды, ал ISSAI-дағы әріптестеріміз әзірлеген TilSync қосымшасы аудионы бір мезетте тануға мүмкіндік беріп, конференцияны барынша қолжетімді етті. Сондай-ақ пленарлық отырыстар мен панельдік пікірталастардың барлығы YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетіледі. Мұндай тәсіл аудиторияны кеңейтіп қана қоймай, экологияға жүктемені азайтады әрі технологияны зерттеу жұмыстары мен білім алмасудың барлық сатысына енгізуге мүмкіндік береді», – деді.

Биылғы конференцияның басты ерекшелігі – панельдік пікірталастар. Оған мемлекеттік органдар, бизнес, азаматтық қоғам өкілдері мен ғалымдар қатысты. Талқылаулар кезінде институционалдық реформалар, ESG тәжірибелері, климаттық қаржыландыру және адами капиталды дамыту мәселелері көтерілді.

NU Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің қауымдастырылған профессоры Дина Шәріпова:

«Бұл конференцияны екінші рет өткізіп отырмыз және оны дәстүрге айналдыруға ниеттіміз, себебі ол нақты нәтижелер беріп отыр. Жас ғалымдар өз жобаларын таныстырып, пәнаралық зерттеу жұмыстары үшін серіктес тауып, кәсіби байланыстарын кеңейтіп, жаңа ынтымақтастық орнатады. Бұл тек Қазақстан аясында ғана емес, халықаралық деңгейде жүзеге асып жатыр. NUARC-тың басты мақсаты да осы – түрлі ғылыми бағыттар тоғысатын және жаңа идеялар туындайтын алаң құру», – деді.

Сондай-ақ сессия барысында филиалдардан бастап тәуелсіз институттарға дейін Қазақстандағы шетелдік университеттердің қызметі талқыланды.

NU Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Эссам Шехаб қорытынды сөзінде былай деді:

«Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы жас зерттеушілер өз жетістіктерін ғана көрсетіп қоймай, жаһандық ғылыми қауымдастықпен белсенді түрде байланыс орната алатын орта қалыптастыру. Мұндай конференциялар ұлттық ғылыми экожүйені нығайтып, инновацияларды ынталандырып, елдегі ғылымның болашағын айқындауда ерекше рөл атқарады деп сенеміз».

NUARC 2025 – көптеген ғылыми бағытты қамтитын және зерттеу институттарының қолдауына ие болған ауқымды алаң. Қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, зерттеу дағдыларын дамытады, ғылымның өзекті мәселелері мен болашағын талқылайды және жаңа ынтымақтастыққа жол ашады.