Ғылым саласындағы ынтымақтастық: министрлік өкілдері Сингапур және Германия делегацияларымен кездесті

Ғылым саласындағы ынтымақтастық: министрлік өкілдері Сингапур және Германия делегацияларымен кездесті

Ғылым саласындағы ынтымақтастық: министрлік өкілдері Сингапур және Германия делегацияларымен кездесті

Астана қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен халықаралық ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған екі маңызды кездесу өтті.

Алғашқы кездесуге Германия ғылыми-зерттеу қорының (DFG) делегациясы қатысты. Делегацияны 2021 жылдан бері DFG вице-президенті болып қызмет атқарып келе жатқан профессор, доктор Карин Якобс басқарды. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қатысты. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың келешегі, бірлескен зерттеу жобалары мен жас ғалымдарды қолдау мәселелері талқыланды.

Ерекше назар Орталық Азия жоғары оқу орындарының Германия қолданбалы ғылым университеттерімен (UAS) желілік әріптестігіне арналған «Networking for Research – German UAS and Researchers from Central Asia» бағдарламасына аударылды. Бұл бастама DFG тарапынан жүзеге асырылып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің зерттеушілерінің Германияның қолданбалы ғылым университеттерімен ғылыми өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған. Бағдарлама аймақ үшін маңызды әрі жаһандық деңгейде өзекті мәселелерді қамтиды, соның ішінде орнықты қалалық даму, цифрлық ғылымдар және жаңартылатын энергетика салалары қарастырылады.

Келесі кездесу Сингапурдың Ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі (A*STAR) мен Ұлттық технологиялық университетінің (NTU) делегациясымен өтті. Қазақстан тарапынан Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Алия Сембаева және Ғылым қорының төрағасы Арман Ашкин қатысты. Кездесу барысында ғылым, жоғары білім және цифрлық технологиялар саласында ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар университеттер мен зерттеу институттарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ ұлттық ғылыми экожүйелерді нығайту үшін тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға және халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Бұл Қазақстанның ғылыми және білім беру саласында сапалы өзгерістер енгізуге және халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор ықпал ететіндігі анық.

Екі кездесу де Қазақстан мен халықаралық ғылыми қоғамдастық арасындағы байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ ғылыми және білім беру саласындағы жаңа бастамаларға жол ашуға бағытталған маңызды қадамдар болды. Тараптар болашақта ғылыми дамуды жеделдету, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру және жаңа технологиялар мен инновациялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге толық дайын екендіктерін жеткізді.