NU Өмір туралы ғылымдар орталығына – 15 жыл: ғылыми ашылымдардан науқасты емдеуге дейін

NU Өмір туралы ғылымдар орталығына – 15 жыл: ғылыми ашылымдардан науқасты емдеуге дейін

NU Өмір туралы ғылымдар орталығына – 15 жыл: ғылыми ашылымдардан науқасты емдеуге дейін

17-19 қыркүйек күндері Nazarbayev University-де «Life Science Today 2025 – Frontiers in Biomedicine: Infer, Innovate, Impact» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр. National Laboratory Astana-ның (NLA) 10 жылдығы мен Өмір туралы ғылымдар орталығының (CLS) 15 жылдығына арналған форум Қазақстанның ғылыми әлеуетін күшейту және халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде биомедициналық ғылымдар энергетика және робототехникамен қатар жаңа стратегиялық бағытқа айналғанын, бұл салада жасанды интеллектінің рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Жасанды интеллект биомедицинадан фармацевтикаға дейін жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Ол дәл әрі сезімтал, сканерленген бейнелерден адам көзіне көрінбейтін белгілерді таба алады, басымдықтар қояды. Қазақстанда бұл салада табысты стартаптар бар, олар тіпті Кремний алқабында да жетістікке жеткен», – деді министр.

Технологияны енгізудің мысалы ретінде NLA бас директоры, NU профессоры Дос Сарбасов жетекшілік ететін жоба келтірілді: онкологиялық ауруларға қарсы бірегей дәрілік препарат әзірленеді. Команда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірге препараттың ең жоғары көтерімді дозасын анықтау үшін клиникалық сынақтар жүргізіп жатыр.

«Біз шынымен үміт күттіретін дәрі жасап жатырмыз. Жасанды интеллект үлкен деректерді талдап, болашағы бар молекулалық құрылымдарды модельдеуге көмектеседі. Цифрлық технологияның көмегінсіз бұл бірнеше жылдарды кажет ететін еді. Қазір біз клиникалық сынақ кезеңіндеміз және Сарбасов командасын қолдап, бюрократиялық кедергілерді азайтамыз», – деді министр.

NU-дың зерттеулердегі инновациялық орталық ретіндегі рөлі де атап өтілді.

CLS – NLA құрамындағы негізгі бөлімдердің бірі әрі елдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Мұнда Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер әзірленеді. NLA-да 200-ден астам зерттеуші жұмыс істейді. Тек 2024-2025 жылдары 111 жоба орындалып, 20 патент алынды және 330 ғылыми мақала жарияланды.

«15 жыл бойы CLS Қазақстанның геномика, биоинформатика, биотехнология, онкология, микробиом зерттеулері мен биоинженериядағы позициясын нығайтты. Бұл орталық ғылыми базаны күшейтіп, әлемдік әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашты. NLA – пәнаралық идеялар туатын және халықаралық әріптестіктер қалыптасатын алаң. Конференция – жай ғана форум емес, іргелі ғылым мен клиникалық тәжірибенің, академия мен индустрияның, Қазақстан мен әлемдік ғылыми қауымдастықтың диалогы», – деді NU президенті, профессор Вакар Ахмад.

Форум бағдарламасына АҚШ, Еуропа, Қытай және Қазақстаннан келген ғалымдардың 40-тан астам баяндамасы енгізілген. Олардың қатарында CLS негізін қалаушылар – Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман мен профессор Жақсыбай Жұмаділов, Оксфорд университетінің нейроиммунология профессоры Daniel Anthony, Лойс-Дитц синдромын алғаш сипаттаған белгілі клиницист-генетик Bart Loeys, Техас университетінің (Сан-Антонио) профессоры, балалар онкологиясының жетекші зерттеушісі Раушан Құрмашева және басқа да мамандар бар. Спикерлер геномика мен дербестендірілген медицинаның жетістіктерін таныстырып, үлкен деректердің ауруларды болжау және жеке емдеу тәсілдерін таңдаудағы рөлін талқылайды, сондай-ақ қатерлі ісік биологиясы мен микробиомды зерттеудегі ең жаңа әзірлемелерді ұсынады.

Жеке сессияларда жасушалық терапиялар, жасарту технологиялары және жаңа буын биоматериалдары сияқты регенеративті медицина мен биоинженерия мәселелері қарастырылады. Ми саулығы жөніндегі сарапшылар дұрыс тамақтанудың Альцгеймер, Паркинсон және деменцияның алдын алудағы рөлі туралы айтады. Конференцияға 400-ден астам қатысушы тіркелген. Іс-шара жас ғалымдар байқауы мен үздік постер авторларын марапаттаумен аяқталады.