Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті (ҚӨУ) халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Қос дипломды білім беру жөніндегі келісім аясында Baitursynuly University ректоры Сейтбек Қуанышбаев University of Minnesota Morris атты АҚШ-тың оқу орнында болды.
Өткен жылы америкалық серіктес университет делегациясы Қостанай жоғары оқу орнына келген. Кездесу нәтижесінде «Computer Science» білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды білім беру туралы келісім жасалды. Аталған бағдарлама аясында Baitursynuly University IT бағыты бойынша білім алатын студенттер Қазақстан мен АҚШ жоғары оқу орындарының қос дипломын алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – еліміздегі жедел цифрландыру үдерістерін және жаңа технологиялардың енгізілуін ескергенде еңбек нарығында сұранысқа ие аса өзекті мамандық.
University of Minnesota Morris-пен бірлескен қос диплом бағдарламасы – әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізуге, халықаралық тәжірибе жинақтауға және IT саласы мен өзге де стратегиялық маңызды бағыттардың болашағын қалыптастыруға үлес қосатын білікті маман атануға жол ашатын ерекше мүмкіндік.
Айта кетейік, University of Minnesota Morris – АҚШ-тың ең көне және беделді жоғары оқу орындарының бірі. 1851 жылы негізі қаланған бұл университет елдің үздік 30 оқу орнының қатарына кіреді. Сондай-ақ шетелдік студенттер үшін ең қолайлы университеттердің ішінде 9-орында, QS халықаралық рейтингінде 203-орында, ұлттық рейтингте 6-орында тұр. Университеттің түлектері мен ғалымдарының қатарында 26 Нобель сыйлығының лауреаты бар.
Қос диплом бағдарламасының түлектері халықаралық деңгейдегі тәжірибеге сай білім алып, қазіргі еңбек нарығы талап ететін әлемдік стандарттарға толық сәйкес болмақ.
Келісім бойынша студенттер 3 жылды Қостанайда, 1 жылды АҚШ-та оқиды. Кездесу барысында University of Minnesota Morris басшылығы Baitursynuly University ректорына студенттік кампусты және қостанайлық студенттерді қабылдауға дайын оқу аудиторияларын таныстырды. Сонымен қатар онлайн-оқыту мәселелері талқыланып, қазіргі таңда ҚӨУ-де қашықтан сабақ беріп жүрген америкалық профессорлармен кездесу ұйымдастырылды.
Алдағы уақытта University of Minnesota Morris профессоры, жасанды интеллект саласында мол тәжірибесі бар ғалым Peter Dolan Қостанайға келеді деп күтіледі. Ол студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамға дәрістер жүргізетін болады.