«Күміс университетінің» 5-маусымы Ualikhanov University-де басталды

«Күміс университетінің» 5-маусымы Ualikhanov University-де басталды

«Күміс университетінің» 5-маусымы Ualikhanov University-де басталды

Бүгін Ualikhanov University жанындағы «Күміс университетінің» 5-маусымының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Халықаралық үшінші жастағы университеттер қауымдастығының (IAUTA) президенті, профессор Франсуа Веллас және қауымдастық басқармасының мүшесі, Братиславадағы Экономикалық университет жанындағы Үшінші жастағы университет директоры, профессор Янка Себера Хладечка қатысты.

«Күміс университеті» – аға буын өкілдеріне арналған білім беру бағдарламасы. Ол «lifelong learning» – өмір бойы білім алу қағидаты негізінде жүзеге асырылады. Өткен төрт маусымда 522 тыңдаушы оқуды аяқтаса, биыл тағы 138 адам қабылданды.

Қатысушылар үшін арнайы курстар әзірленді. Бағдарламада когнитивтік функцияларды дамыту, әлеуметтік желілердегі маркетинг, күнделікті өмірде жасанды интеллектіні пайдалану, қазақ және ағылшын тілдерін меңгеру, бейнелеу өнері, қаржылық және құқықтық сауаттылық негіздері, тігін ісі және басқа да курстар бар. Биыл 19 курс ұсынылып, олардың алтауы жаңадан енгізілді. Бағдарлама жыл сайын заманауи өмір мен білім беру үрдістеріне сәйкес жаңартылып отырады. Тыңдаушылар «Күміс университетінде» тек білім алып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолданады, тіпті жеке істерін ашуға да ынталанады. Мысалы, өткен жылы қатысушылардың бірі тігін саласында өз ісін бастады.

IAUTA қауымдастығымен ынтымақтастық «Күміс университетін» дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, халықаралық сарапшылар кеңес беріп, тәжірибелерімен бөліседі.

Ualikhanov University бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығын терең түсіне отырып, өңірдің аға буын өкілдеріне қолдау көрсетіп, белсенді ұзақ өмір сүру бастамаларын дамытуға айрықша мән береді.