Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белсенді ұзақ өмір сүру және егде жастағы азаматтардың білім беру саласын дамытуға бағытталған «Eurasian Silver Forum: белсенді қартаю және 50+ білім беру» атты ауқымды форум ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Қазақстан мен халықаралық деңгейде «Күміс университеттер» қозғалысын нығайтуға, егде жастағы азаматтарға білім беру мәселелерін талқылауға арналған.
Форумға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, егде жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығы (AIUTA) президенті, Тулуза университетінің профессоры Франсуа Веллас, сондай-ақ AIUTA басқарма мүшесі, Братислава Экономикалық университетінің егде жастағы университетінің директоры, профессор Янка Себера Хладецка, сондай-ақ Қазақстанның жетекші сарапшылары мен университет өкілдері, шетелдік мамандар қатысты. Қатысушылар «Күміс университеттерді» дамыту стратегиялары, егде жастағы азаматтарға білім беру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту тақырыптарында пікір алмасты.
Форум қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде министр Саясат Нұрбек Қазақстан соңғы жылдары үздіксіз оқыту жүйесін енгізу саясатын белсенді түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті.
«Үздіксіз білім беру жүйесін дамыту жағдайында «Күміс университеттерді» ілгерілету айрықша өзекті болып отыр. Қазақстан университеттері – егде жастағы азаматтарды оқытудың қазіргі заманғы үрдісін қамтамасыз ететін маңызды ресурс. Мұндай бағдарламалардың толыққанды жұмыс істеуі үшін 2024 жылы Министрлік «Күміс университеттер» моделін дамытуға арналған оқу бағдарламаларын ұйымдастыру және сүйемелдеу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлеп, бекітті. Бүгінде еліміздің 42 жоғары оқу орнының негізінде «Күміс университеттер» жұмыс істейді. Егде жастағы азаматтарды университет қабырғасында оқыту мәдени және зияткерлік мұраны сақтау мен дамытуға, сондай-ақ сапалы өмір сүруге қолайлы орта құруға бағытталған», – деді ведомство басшысы.
Министр сондай-ақ Ualikhanov University мысалында университеттегі егде жастағы буынды оқыту үдерісі AIUTA мүше болудың арқасында қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Форум барысында отандық және шетелдік жоғары оқу орын өкілдері 50+ жобалар бойынша тәжірибе алмасу және тұрақты даму мәселелері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараның маңызды нәтижесі ретінде егде жастағы адамдарға білім беру саласындағы халықаралық қауымдастық (AIUTA) пен Қазақстан университеттері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісімге Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Шәкәрім университеті, Торайғыров университеті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қатысты.