Президент Жолдауын іске асыру: Сәтбаев университетінде Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы ашылды

Президент Жолдауын іске асыру: Сәтбаев университетінде Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы ашылды

Президент Жолдауын іске асыру: Сәтбаев университетінде Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы ашылды

Сәтбаев университетінде Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ғылым мен инновацияны экономиканың басты қозғаушы күшіне айналдыру, зияткерлік меншік жүйесін жетілдіру және технологияларды нарыққа тиімді шығару жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өтті.

Аталған орталық – ғылыми әзірлемелер мен технологияларды қорғау және оларды нарыққа енгізуге қолдау көрсету бағытында маңызды қадам. Орталықтың негізгі міндеттері – зияткерлік меншік нысандарын тіркеу және құқықтық қорғау, инновациялық жобаларды ілгерілету, сондай-ақ стартап-командалар мен жас ғалымдарға кешенді қолдау көрсету.

Жаңа орталықтың ашылуы университеттің ғылыми-инновациялық экожүйесін одан әрі дамытуға серпін беріп, өнертабыстар мен жаңа технологияларды нақты экономика секторына енгізуге жол ашады. Мұнда ғалымдар мен зерттеушілер өз жобаларын құқықтық тұрғыда қорғап қана қоймай, оларды коммерцияландыру мүмкіндігіне де ие болады.

«Орталықтың басты мақсаты – инновацияларға қолайлы орта қалыптастыру, перспективалы идеяларды ерте кезеңде анықтау, зияткерлік меншік мәдениетін дамыту және университет, бизнес пен мемлекеттік сектор арасындағы байланысты нығайту», – деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.

Тарихи контекстте бұл бастама – университет үшін жаңа белестің бірі. Сәтбаев университетінде (бұрынғы Қазақ политехникалық институты) алғашқы патенттік қызмет 1966 жылы ашылып, 1967 жылы алғашқы патент алынған. Осы салада университет тарихында рекорд орнатқан – Галина Бойко, оның еншісінде 63 өнертабыс тіркелген.

Орталықтың ашылуы – Сәтбаев университетінің елдегі жетекші ғылыми-зерттеу және инновациялық хаб ретіндегі рөлін одан әрі нығайтатын стратегиялық бастама. Алдағы уақытта бұл орталық отандық ғылымның дамуына, сондай-ақ инновациялық кәсіпкерліктің жандануына елеулі үлес қоспақ. Болашақта орталық отандық ғылымның дамуына, сондай-ақ инновациялық кәсіпкерлікті жандандыруға елеулі үлес қосатынына сенім мол.