ҰЛТ САУЛЫҒЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ІСКЕ АСЫРУ АЯСЫНДА ШЫМКЕНТТЕ ҚР ҰҒА ПЕРСПЕКТИВАЛЫ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ҰЛТ САУЛЫҒЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ:  МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ІСКЕ АСЫРУ АЯСЫНДА ШЫМКЕНТТЕ ҚР ҰҒА ПЕРСПЕКТИВАЛЫ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ҰЛТ САУЛЫҒЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ІСКЕ АСЫРУ АЯСЫНДА ШЫМКЕНТТЕ ҚР ҰҒА ПЕРСПЕКТИВАЛЫ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Шымкент жүрек орталығының 25 жылдығына орай «Инновациялар, технологиялар және әлемдік тәжірибе – кардиохирургия болашағы өз қолымызда» атты Халықаралық кардиохирургтар конгресі өтті. Іс-шара Қазақстанның, ТМД елдерінің және алыс шетелдің жетекші мамандарын біріктіріп, тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды талқылау және кардиохирургия саласындағы өзекті үрдістерді қарастыру үшін маңызды алаңға айналды.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Күрішбаев конгресстің ашылуында сөйлеген сөзінде:

«Бұл тек ғылыми кездесу ғана емес – бұл медицинаның болашағы қалыптасатын алаң. Мұнда білім, тәжірибе және технологиялар ең биік мақсат – адам өмірін сақтау жолында тоғысады.

Бұл конгрестің ерекше мәні – оның Шымкент қаласында өтуінде. Қазақстандағы ең халқы көп шаһарлардың бірі болып табылатын бұл қалада 1,2 миллионнан астам тұрғын бар. Өкінішке қарай дәл осы жерде жүрек-қан тамыр ауруларының алаңдатарлық өсу динамикасы байқалады: әр 10 000 тұрғынға 320-дан астам жағдай, жыл сайын 5–7% өсіп отыр. Әсіресе еңбекке қабілетті жастағы халықтың жастар арасындағы көрсеткіштің артуы ерекше алаңдатады. Бұл жай ғана статистика емес – жүйелі әрі кешенді жауапты талап ететін маңызды сын-қатер.

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт денсаулығы – орнықты дамудың негізі. Біз ауруларды емдеп қана қоймай, ғылымға, технологияға және саларалық ынтымақтастыққа сүйене отырып, оларды алдын алуға тиіспіз», – деп атап өтті. Бұл сөздер біздің көзқарасымыздың мәнін толықтай бейнелейді.

Денсаулық сақтау министрлігі мен ғылыми мекемелер жүрек-қан тамыр ауруларын диагностикалау мен емдеуді жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасап келеді. Алайда нақты серпіліс үшін жаңа – медицина, экология, урбанистика, психология және цифрлық технологиялар тоғысындағы пәнаралық көзқарас қажет. Бүгінгі таңда адам денсаулығын оның қоршаған ортасынан бөлек қарастыруға болмайды. Ауадағы шаң мен аэрозольдердің жоғары концентрациясы, температуралық ауытқулар, шу мен созылмалы күйзеліс – мұның барлығы жүрек-қан тамыр жүйесіне көзге көрінбейтін, бірақ аса қауіпті ауыртпашылық түсіреді.

Осы факторларды ескергенде ғана біз реактивті медицинадан – ауру пайда болғанда емдеуден, проактивті, яғни ауру белгілері пайда болмай тұрып алдын алу моделіне өте аламыз. Әлемдік тәжірибе мұндай тәсілдің тиімділігін көрсетіп отыр. Ал жасанды интеллект енді тек диагностика құралы ғана емес, аурудың алдын алу мен болжам жасауда дәрігердің толыққанды серіктесіне айналуда», – деді.

Конгресс аясында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Шымкент жүрек орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аймақтағы ғылыми өзара іс-қимылды нығайтуға және кардиологиялық зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Ерекше оқиғалардың бірі – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен «Шымкент жүрек орталығы» базасында Перспективалы кардиологиялық зерттеулер орталығының ашылуы болды. Бұл – Қазақстандағы медициналық ғылымды дамыту мен өңірдің ғылыми әлеуетін арттырудағы маңызды қадам. Орталық ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА академигі, көрнекті ғалым және кардиохирург Юрий Владимирович Пя бастамасымен ашылды. Академия бастамасымен ашылған өңірдегі алғашқы орталық болып саналатын бұл мекеме медицина, экология, урбанистика, психология және цифрлық технологияларды біріктіретін пәнаралық ғылыми тәсілді енгізуді мақсат етеді.

Ауаның ластануы, температуралық өзгерістер, шу әсері мен созылмалы күйзеліс сынды заманауи сын-қатерлер жүрек-қан тамыр жүйесіне айтарлықтай ықпал етеді. Осы факторларды ескере отырып, Орталық дәстүрлі емдеу моделінен алдын алу мен болжам жасауға негізделген медицинаға көшуге талпынады. Оның басты мақсаты – ауру белгілері пайда болмай тұрып алдын алу.

Перспективалы кардиологиялық зерттеулер орталығы – жүрек-қан тамыр ауруларын алдын алу, диагностика және емдеудің жаңа әдістерін әзірлеуге арналған зияткерлік алаңға айналады. Сонымен қатар ол Қазақстанның цифрлық денсаулық сақтау және орнықты қалалық даму мәселелері бойынша жаһандық қоғамдастыққа ықпалдасуына жол ашады.

Конгресс барысында заманауи кардиохирургияны дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бағыттар талқыланды:

Инновациялық технологиялар – аз инвазивті және роботтандырылған операцияларды енгізу, 3D-моделдеу мен навигациялық жүйелерді пайдалану;

Халықаралық ынтымақтастық – ғылыми және клиникалық орталықтар арасындағы серіктестікті нығайту, тәжірибе алмасу және озық технологияларды трансферлеу;

Жас мамандарды қолдау – болашақ кардиохирургтар мен зерттеушілердің кәсіби өсуіне арналған бағдарламалар мен арнайы платформалар құру.

Шымкентте өткен Халықаралық кардиохирургтар конгресі Қазақстандағы медициналық ғылымды дамытуға, өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға және халыққа көрсетілетін кардиологиялық көмектің сапасын жақсартуға серпін беретін маңызды оқиға болды.