ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Корея Республикасында білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге, жетекші университеттермен байланысты нығайтуға, сондай-ақ ғылым мен технология саласындағы бірлескен жобаларды талқылауға арналған кездесулер өткізді.
Министр Сеулдегі Sungkyunkwan University (SKKU), KWIC, Seoul Cyber University және KAIST (Korea Advanced Institute of Science & Technology) басшыларымен, Корея Республикасының Білім министрлігінің өкілдерімен, соның ішінде Білім министрінің міндетін атқарушы Чхве Ын Ок (Choi Eun-ok) ханыммен, сондай-ақ Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Бэ Киунхун (Bae Kyung-hoon) мырзамен кездесті.
Тараптар арасында Қазақстан мен Кореяның жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу және инновациялық жобаларды қолдау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар ведомство басшысы Сеулде өткен World Knowledge Forum алаңында сөз сөйледі. Қазіргі таңда әлемдегі білім алмасуға арналған ең ірі алаңдардың бірі саналатын бұл форумға осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам жаһандық спикер мен 66 мыңнан астам қатысушы келген. Биыл 26 рет ұйымдастырылған форум «New Odyssey: Navigating the Great Transition» тақырыбымен түрлі саланың жетекші сарапшыларын біріктірді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Сеул Ұлттық Ғылым және Технологиялар университетімен (Seoul Tech) бірлесіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Қазақстан тарапы оңтүстік кореялық Seoul Tech, Woosong, Dong-Eui, KAIST университеттерімен тығыз байланыс орнатып, елімізде алғашқы филиалдар, зерттеу және білім беру орталықтары, қос дипломды бағдарламалар мен алмасу жобалары іске асырылып жатыр.