Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Space Days Kazakhstan – 2025 халықаралық форумы басталды. Форумның мақсаты – ғарыш саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайту, қазіргі заманғы технологияларды дамыту және ғылыми-білім беру мен өндірістік әлеуеттерді интеграциялау.
Шараға 50-ден астам елдің, оның ішінде халықаралық агенттіктер, университеттер, зерттеу орталықтары мен бизнес өкілдерінің делегациялары мен ғарыш саласының білікті мамандары қатысты.
Ресми ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, соңғы жылдары еліміз спутниктік технологиялар, алыс қашықтықтан зондтау, ғарыштық байланыс және астрофизика салаларын дамытып жатқанын атап өтті.
Бұл үдерісте ҚазҰУ белсенді рөл атқарып келеді. Университет – еліміздегі «Ғарыш техникасы және технологиялары» мамандығын енгізген алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. ҚазҰУ ғалымдары Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутниктерін жасап, орбитаға шығарды. 2026 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесе дамытып жатқан «NKSAT» микроспутнигін ұшыру жоспарланған.
Қазіргі таңда ҚазҰУ базасында Farabi Space ғарыш технологиялары орталығы, Қазақстан-Қытай бірлескен «Алыс қашықтықтан зондтау технологиялары және олардың қолданылуы» зертханасы, Farabi GIS орталығы, спутниктік технологиялар, геоинформатика және цифрлық модельдеу зертханалары жұмыс істейді. Сондай-ақ қуаты 2000 терафлопс болатын заманауи суперкомпьютер іске қосылды.
Ректор сөз соңында:
«Уақыт талабын түсініп, ҚазҰУ қазақстандық және халықаралық ғылыми орталықтар арасында ғарыштық консорциум құру, ғарыш технологиялары мен телекоммуникация саласындағы студенттік стартаптарды қолдау, спутниктік деректерді талдау мен сақтау үшін ҚазҰУ суперкомпьютерін ортақ пайдалану, түркі елдері мен Орталық Азия жастары үшін ғарыш саласындағы халықаралық жазғы мектептер ұйымдастыру бастамаларын ұсынады», – деді.
Сондай-ақ шарада ICESCO-ның ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесшісі, доктор Мұхаммад Шариф сөз сөйледі:
«Бүгінгі шара интерактивтілігімен ерекше. Бұл – ғарыш технологияларын әртүрлі мақсаттарда пайдалануға жаңа мүмкіндіктер ашатын инвесторлар үшін платформа. ICESCO ғарыш технологиялары бағытындағы бөлімін ашты және осы салада кең көлемді оқыту жұмысын жүргізіп келеді. Біз әртүрлі елдерден 100-ден астам студентті оқыттық және бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді.
Сондай-ақ форумда БҰҰ ҒКБМПК басшысының орынбасары Дрисс Эль Хадани, жобалар директоры Харун Нуруллах Танзи, ҚР Цифрлық даму вице-министрі М.Олжабеков, Бахрейн ғарыш агенттігінің басқарма төрағасы Шейх Залид бен Али Әл Халифа, «Uzbekkosmos» директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов, Мысыр ғарыш агенттігінің өкілі Шериф Седки және басқа да спикерлер баяндама жасады.
Форум бағдарламасында ICESCO-ның ІV халықаралық CanSat семинары, жұмысқа орналасу жәрмеңкесі, оқыту семинарлары, ғарышқа инвестиция тарту туралы пікірталастар, Қазақстан, Ресей, Румыния, Моңғолия және Беларусь ғарышкерлерімен кездесу, ICESCO мен ҚазҰУ арасындағы меморандумға қол қою, Айдын Айымбетовтің ұшқанына 10 жыл толуына арналған мерекелік марканың шығуы, Асы-Түрген обсерваториясына экскурсия, Байқоңырға тур және «Союз-2» зымыранының ұшырылуын бақылау жоспарланған.
Space Days Kazakhstan – 2025 форумы Қазақстанның ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми зерттеулердегі өскелең рөлін тағы да дәлелдейді.